Сауран ауданында мұнай өнімдерін сақтайтын заманауи қойма салынып, ауыл шаруашылығы техникалары құрастырылмақ

Бұл жөнінде Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің «ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС-нің бас директоры Ильдар Шамсутдиновті қабылдауында мәлім болды. Кездесу барысында қос тарап Түркістан өңірінде жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мен әріптестік орнату жолдарын талқылады. Облыс әкімі өңірдің инвестициялық әлеуеті туралы баяндады. Маңызды кездесуге Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров та қатысты.

– Мемлекет басшысы өз Жолдауында көлік логистикасын одан әрі дамыту жөнінде тапсырма берді. Осы орайда, облыстың географиялық жағынан қолайлы орналасуы транзитік көлік дәліздерін дамытуға үлкен мүмкіндіктер беретіні сөзсіз. Сіздің тарапыңыздан ұсынылған мұнай өнімдерін сақтайтын инвест-жобаның өңіріміз және еліміз үшін үлкен маңызы бар. Жоба жүзеге асса, көліктің барлық түрі бойынша өңіріміздің халықаралық көлік байланысын, логистика және көрші елдердің өңірлерімен ынтымақтастығымыздың күшейуіне септігін тигізеді. Өз тарапымыздан инвестициялық жобалар бойынша ұсыныстарды қарауға және қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Нұралхан Көшеров.

Ильдар Шамсутдинов өз жоспарымен таныстырды. Инвестор Түркістан облысында ірі жанар-жағармай және мұнай өнімдерін сақтайтын қойма салуды көздеп отыр. Жобаны жүзеге асыру мерзімі: 2026-2028 жылдар. Резервуарлық парк (мұнай базасы) салынып, онда 20 000 текше метр мұнай өнімдері сақталмақ. Оның ішінде 12 мың текше метрі – авиаотын. Жоспарланған инвестиция көлемі – 5 миллиард теңге. Осы жоба аясында облыстың отын қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, әуе компанияларын тарту арқылы жолаушы және жүк ағындарын молайту, жаңа жұмыс орындарын ашу, авиация саласының халықаралық қауіпсіздік талаптарына сәйкес отын инфрақұрылымын жаңарту жоспарланып отыр.

Кездесу барысында қос тарап жол картасын әзірлеп, жобаны жүзеге асыру жөнінде уағдаласты.

Тағы бір сүйінші ақпарат, Сауран ауданындағы Өндірістік парк аумағында мақта, күріш және басқа да дақылдарды жинауға арналған ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру зауыты салынады. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «АгромашХолдинг KZ» акционерлік қоғамының президенті Динара Шүкіжанованы қабылдады. Кездесу барысында ынтымақтастықты нығайту жайы талқыланып, агроөнеркәсіп саласында жаңа инвестициялық жобаны жүзеге асыру жайы пысықталды.

Облыс басшысы өңірдің инвестициялық мүмкіндіктеріне тоқталып, ортақ бастамаларды жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді.

– Климаттық орналасу, жұмыс күші тұрғысында Түркістан облысы ауыл шаруашылығы саласын дамытуда Қазақстандағы ең қолайлы өңір. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы агроөнеркәсіп кешені – ұлттық қауіпсіздікпен тікелей байланысты экономиканың стратегиялық саласы екенін бірнеше рет атап өтті. Әлемдік азық-түлік тұрақсыздығы жағдайында ауыл шаруашылығын инновациялық дамыту, салаға жаңа технологияларды енгізу – ортақ басымдығымыз, – деді Нұралхан Оралбайұлы.

«АгромашХолдинг KZ» компаниясының президенті агроөнеркәсіп кешенін одан әрі дамыту үшін өңірдің әлеуетін тиімді пайдалану жөнінде бірқатар ұсынысын айтып, жобаны бастауға дайын екенін жеткізді. Облыстың ыңғайлы логистикалық орналасуы оңтүстік өңірлерге ауыл шаруашылығы техникаларын осы кәсіпорынан жеткізуге мүмкіндік беретінін айтты.

Бүгінде аталған бастаманы жүзеге асыру бағытында жұмыстар басталып кетті. Жобаны «Jer Arys Group» ЖШС жүзеге асырмақ. «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ тарапынан толық сүйемелдеу жұмыстары жүргізіледі.

Түркістан облысының агроөнеркәсіптік кешені еліміздегі жетекші орынға ие. Мемлекеттік аграрлық саланы ауқымды қолдауларының нәтижесінде, саланының инвестициялық тартымдылығы жылдан жылға еселеп артуда. Осы жылдың 8 айының өзінде салаға 125 миллиард теңге инвестиция тартылған. Облыста АӨК саласында қолданылатын жалпы техника саны – 17 487. Мемлекет қолдауымен биыл шаруа қожалықтары 618 техника (2,8 миллиард теңге) алған болатын.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You