Сауран ауданында мемлекеттік қызметшілердің әдеп сақтауы — үнемі назарда

Сауран ауданы әкімінің аппарат басшысы, сондай-ақ аудан әкімдігінің әдеп жөніндегі уәкілі Бекзат Абубакиров мемлекеттік қызметшілермен жиын өткізіп, бірқатар маңызды мәселелерді көтерді. Кездесу барысында мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын сақтау, азаматтармен қарым-қатынаста ашықтық пен сыпайылықты ұстану, ұжым ішіндегі тәртіп пен жауапкершілік мәдениетін нығайту тақырыптары кеңінен талқыланды.

Сонымен қатар жиында құжат айналымы тәртібіне ерекше назар аударылды. Аппарат басшысы ресми хат-хабарларды уақтылы тіркеу, дұрыс рәсімдеу және белгіленген мерзімде орындау мемлекеттік органдар жұмысының сапасына тікелей әсер ететінін атап өтті. Қызметтік құжаттардың мазмұны мен ресімделуіне қойылатын талаптар, электрондық құжат жүйесіндегі тәртіп те нақты түсіндірілді.

Бекзат Абубакиров Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің тапсырмаларын, сондай-ақ ішкі бақылау нәтижелерін негізге ала отырып, әрбір қызметшіден жоғары тәртіп пен жауапкершілік күтетінін жеткізді. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметтің абыройын арттыру жолында әр маман өз ісіне ұқыпты қарап, кәсіби әдеп пен құжат жүргізу тәртібін қатаң сақтауы тиіс екенін ескертті.

Құжат айналымы демекші, Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен дүйсенбі күні өткен кезекті аппараттық мәжіліс барысында аудан әкімдігіне 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында келіп түскен азаматтық өтініштер мен арыз-шағымдардың орындалу жайы қаралған-ды.

Аталған мәселе бойынша аудан әкімі аппаратының өтініштердің қаралуын бақылау және құжаттандыру бөлімінің басшысы Темірхан Мөлдір баяндама жасады. Ол өз сөзінде түскен өтініштердің саны, мазмұны және олардың орындалу барысы туралы нақты деректермен бөлісіп, өтініштерді сапалы әрі мерзімінде қарау қажеттігін атап өтті.

Күн тәртібіндегі келесі мәселе – этносаралық қатынастарды нығайту бойынша аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар болды. Бұл бағыттағы іс-шаралар туралы аудан әкімінің аппаратына қарасты ішкі саясат бөлімінің басшысының міндетін уақытша атқарушы Қалеке Марат баяндап, аудандағы қоғамдық келісімді сақтау және ұлтаралық татулықты нығайту бағытындағы жүйелі жұмыстар жөнінде хабардар етті.

Мәжілісті қорытындылаған аудан әкімі көтерілген мәселелер бойынша нақты тапсырмалар беріп, барлық құрылымдық бөлімдер мен ауылдық округ әкімдеріне азаматтармен кері байланысты күшейтіп, тұрғындардан келіп түсетін өтініштерге ерекше мән беруді тапсырды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You