Сауран ауданында мобильді байланыс пен интернет қолжетімділігі кеңейіп келеді

Loading

Сауран ауданында цифрлық инфрақұрылымды дамыту және тұрғындарды сапалы мобильді байланыспен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Атап айтқанда, 2026 жылға арналған жоспар аясында «Kcell» АҚ тарапынан ауданның бірнеше елді мекенінде жаңа базалық станциялар орнатылып, пайдалануға берілді.

Жаңа байланыс нысандары Қазақстанның 30 жылдығы ауылдық округіне қарасты Шаға елді мекенінде, Ескі Иқан ауылдық округінде және Жүйнек ауылдық округіне қарасты Шекербұлақ елді мекенінде іске қосылды. Бұл жұмыстар аталған елді мекендердегі мобильді байланыс сапасын жақсартып, тұрғындардың жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған.

Бүгінде интернет пен мобильді байланыстың қолжетімді болуы ауыл тұрғындары үшін ерекше маңызды. Өйткені цифрлық қызметтерді пайдалану, мемлекеттік қызметтерді онлайн алу, білім беру ресурстарына қол жеткізу және кәсіпкерлікпен айналысу сапалы байланыс инфрақұрылымына тікелей тәуелді.

Сонымен қатар ауданда республикалық маңызы бар автомобиль жолының бойын жоғары жылдамдықты интернетпен қамтуға басымдық беріліп отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар көлік қозғалысы кезінде байланыс сапасын жақсартуға және жол бойындағы цифрлық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Жалпы, Сауран ауданында телекоммуникациялық инфрақұрылымды жаңғырту мен кеңейту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Алдағы уақытта да елді мекендерді тұрақты мобильді байланыспен және сапалы интернетпен қамту бағытындағы шаралар жалғасын тауып, ауданның цифрлық даму деңгейін арттыруға ықпал етпек.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You