Сауран ауданында Президент Жолдауы мен «Таза Қазақстан» жобасының басымдықтары түсіндірілді

Loading

Сауран ауданында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында белгіленген міндеттерді кеңінен насихаттау және «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасының маңызын түсіндіру бағытында кездесу өтті.

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында ұйымдастырылған басқосуға облыстық ақпараттық-насихаттық топтың мүшелері, ауданның зиялы қауым өкілдері, ауылдық округтер мен дербес бөлім қызметкерлері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Жиынды аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Марат Қалеке ашып, жүргізді.

Кездесудің негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында көтерілген басым бағыттарды түсіндіру, сондай-ақ экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Таза Қазақстан» жобасының аясындағы жұмыстарды жандандыру.

Алғашқы болып сөз алған М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің доценті, PhD докторы Ермек Төленұлы Президент Жолдауында айқындалған стратегиялық міндеттерге тоқталды. Ол еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы басым бағыттар, халықтың әл-ауқатын арттыру, қоғамның сұранысына сай өзгерістерді жүзеге асыру және жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның алдында тұрған өзекті міндеттер жөнінде баяндады.

Баяндамашы Мемлекет басшысы белгілеген міндеттердің ел болашағы үшін маңыздылығына назар аударып, оларды жүзеге асыруда мемлекеттік органдармен қатар қоғамның да белсенділігі қажет екенін атап өтті.

Жиында «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің аға ғылыми қызметкері Ғани Назарбек «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасының мәні мен маңызына тоқталды. Ол қоршаған ортаны қорғау, табиғи байлықтарды сақтау, экологиялық тепе-теңдікті қамтамасыз ету және өскелең ұрпақтың табиғатқа жанашырлық көзқарасын қалыптастыру мәселелерін сөз етті.

Сонымен қатар тазалықты тек арнайы ұйымдастырылатын сенбіліктермен шектемей, әр азаматтың күнделікті өмірлік ұстанымына айналдыру қажеттігін жеткізді. Оның айтуынша, туған өлкенің тазалығы мен көркеюіне үлес қосу – әрбір тұрғынның азаматтық жауапкершілігінің көрінісі.

Өз кезегінде Шорнақ ауылдық округіндегі №2 мектептің мұғалімі Естай Аман білім беру саласына қатысты Жолдауда белгіленген басым бағыттар жөнінде пікір білдірді. Ол білім сапасын арттыру, жас ұрпақтың бәсекеге қабілеттілігін қалыптастыру және білім беру жүйесіндегі міндеттерді жүзеге асырудың маңызын атап өтті.

Кездесу барысында қатысушылар Мемлекет басшысының Жолдауында көтерілген мәселелерді талқылап, ел дамуының стратегиялық бағыттарын іске асырудағы қоғамдық белсенділік пен азаматтық жауапкершіліктің рөліне назар аударды.

Жиын қорытындысында Жолдауда айқындалған міндеттерді тұрғындар арасында кеңінен түсіндіру, «Таза Қазақстан» жобасы аясындағы экологиялық шараларды жандандыру және қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыру қажеттігі айтылды.

Елдің дамуы мен туған өлкенің өркендеуі – ортақ іске жұмылған қоғамның нәтижесі. Сондықтан мемлекеттік бастамаларды қолдау, қоршаған ортаға жанашырлық таныту және әр азаматтың өз ортасына жауапкершілікпен қарауы маңызды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You