
Сауран ауданы әкімдігінің орталық алаңында 25 қазан — Республика күніне арналған «Тәуелсіз елім — еңселі!» атты салтанатты мерекелік іс-шара өтті. Оған Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров пен облыстық мәслихат депутаты Баймахан Сүлейменов, аудандық мәслихат депктаттапы мен еңбек ардагерлері, аудан тұрғындары мен жастар қатысты.
Мерекелік шара ту көтеру рәсімімен басталып, мемлекеттік Әнұранды мектеп оқушыларынан құралған хор орындады. Кештің шымылдығы «Ұлы дала тарихы» атты хореографиялық композициямен ашылып, «Өсиет» поэзиялық қойылымы және «Тәуелсіз елдің ұрпақтары» атты әсерлі көрініс көрсетілді. Сахнаға аудан әкімі Мақсат Таңғатаров шығып, жиналған жұртшылықты Республика күнімен құттықтады.
Өз сөзінде аудан басшысы егемендік жылдарында қол жеткізілген жетістіктерге тоқталып, ел дамуының негізгі тірегі — тұрақтылық пен бірлік екенін атап өтті. Мереке барысында ауданның дамуына елеулі үлес қосқан қызметкерлерге облыс әкімінің құттықтауы, сондай-ақ «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі және Алғыс хаттар, Құрмет грамоталары табысталды.
Бағдарлама аясында жас өнерпаздар «Қазақстан» және «Туған жер» әндерін орындап, «Айтұмар» би ансамблі ұлттық нақыштағы флэшмоб биледі. Кештің көркін елімізге танымал «Абырой» тобы, әншілер Бақытжан Мұстафаев пен Махмуд Урумбаев, Данияр Барыс және аудан өнерпаздары өз өнерлерімен қыздырды.
Кеш соңында аспанды жарыққа бөлеген мерекелік отшашу атылып, тұрғындар Республика күнін ерекше рухпен және көтеріңкі көңіл-күймен атап өтті. Республика күні — елдің рухын көтеріп, ұлт бірлігін нығайтатын мерейлі мереке. Сауран халқы бұл күнді тәуелсіз елдің еңсесін биіктеткен қуанышпен қарсы алды.
Республика күні — бұл еліміздің мемлекеттілігі жолындағы алғашқы тарихи қадам. 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі тәуелсіз Қазақстанның бірінші құқықтық құжаты — Республиканың егемендігі туралы декларацияны қабылдап, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негізін жариялады.
Егеменді мемлекеттіліктің негізгі қағидаттары ретінде мыналар белгіленді: біртұтас мемлекет, аумақтың тұтастығы, бөлінбейтіндігі мен қол сұғылмаушылығы, қазақ халқының және Қазақстанның басқа да халықтарының өзіндік мәдениетін, дәстүрлерін, тілін жаңғырту және дамыту, ұлттық бірегейлікті нығайту.
Сол сәттен бастап-ақ егеменді Қазақстан өзіндік көзқарасы бар жеке мемлекет ретінде таныла бастады. Қабылданған декларация Қазақстанның болашақ тәуелсіздігінің іргетасы саналды. Бұл декларацияның қабылдануымен егемендігін мәлім ететін жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздері бекітілді. Қазақстанның егемендігі және территориясының тұтастығы саяси, құқықтық және экономикалық тұрғыдан дәйектелді. Осы кезден бастап демократиялық қоғам құру мақсатында ел ішіндегі қоғамдық-саяси құрылымға біраз өзгерістер енгізіле бастады. Бұл акт арқылы әлем картасындағы жаңа мемлекет – Қазақстан Республикасының негізі қаланды. Қазір бұл күн мемлекеттік масштабта атап өтіліп, мереке ретінде тойланады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
