Сауран ауданында Республика күні және «Алтын күз» мерекелеріне дайындық мәселелері талқыланды

Бүгін Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен аудан әкімдігінің мәжіліс залында кезекті аппараттық жиын өтті. Мәжілісте әлеуметтік, мәдени және ұйымдастырушылық бағыттағы өзекті мәселелер қаралды.

Күн тәртібіне үш негізгі мәселе енгізілді. Алғашқысы — отбасының цифрлық картасы ақпараттық жүйесіндегі Д және Е санатындағы отбасылар санын азайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар. Бұл мәселе бойынша Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Асылбек Дәуірхан баяндама жасап, әлеуметтік әлсіз топтағы азаматтарды қолдау шаралары мен цифрлық мониторинг жүйесінің нәтижелерін таныстырды.

Келесі мәселе — 25 қазан — Республика күні және «Алтын күз» мерекелеріне арналған мәдени іс-шаралардың ұйымдастырылу барысы болды. Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Жұмабекова Жанар аудан көлемінде өтетін мерекелік жоспарлармен бөлісіп, тұрғындарды мерейлі мерекелерге белсенді қатысуға шақырды.

Сонымен қатар, жиында орындаушылық тәртіп пен құжат айналымының сапасы, азаматтар өтініштерінің уақытылы қаралуы және ақпараттық қауіпсіздік мәселелері талқыланды. Бұл бағыттағы жұмыстың жай-күйі туралы бірнеше бөлім басшылары баяндама жасап, нақты көрсеткіштер мен талдаулар ұсынды.

Мәжіліс соңында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров қаралған мәселелер бойынша бірқатар тапсырмалар жүктеп, жауапты бөлім басшыларына міндеттерді сапалы орындауды тапсырды:

«Әр бөлім өз саласы бойынша жүйелі, нақты нәтиже көрсететін жұмыс жүргізуі қажет. Әсіресе, әлеуметтік қолдау мен құжат айналымындағы тәртіпті күшейту — басты назарда болуы тиіс. Жауапкершілік пен ашықтық қағидатын ұстанайық», — деді аудан басшысы.

Аппараттық жиын қорытындысында жауапты құрылымдарға белгіленген мерзімде есеп беруді және орындалу барысын бақылауды қамтамасыз ету тапсырылды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You