Сауран ауданында Республика күніне орай тағы бір мектеп ашылды

Республика күні қарсаңында Сауран ауданында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» жобасы аясында №5 жалпы білім беретін мектептің салтанатты ашылуы өтті. Жаңа білім ордасы 600 оқушыға арналған. Салтанатты шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, елді Республика күнімен құттықтады.

– Баршаңызды жаңа білім ордасының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Бүгін міне, терең тарихымен, еңбекқор халқымен ерекшеленетін Сауран ауданында «Келешек мектептері» жобасы аясында 3-ші білім ұясы іске қосылуда. Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаевтың «Әрбір оқушының білім алып, жан‑жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс» делінген тапсырмасымен «Келешек мектептері» ұлттық жобасы жүзеге асты. Бұл – ел болашағына жасалған маңызды инвестиция. Ол үшін Мемлекет басшысына алғысымызды білдіреміз! Республика көлемінде «Келешек мектептері» жобасы арқылы 217 мектеп бой көтерсе, соның 29-ы немесе 13% біздің өңірде салынды. Қазақстандағы 8 мыңға жуық мектептің 1100-ден астамы немесе 14% Түркістан облысында орналасқан. Облысымызда 550 мыңнан астам оқушы білім алуда. Өңірімізде оқушы саны жыл сайын артып келеді, – деді Нұралхан Көшеров.

Мектеп құрылысы 2023 жылы басталып, биыл толық аяқталып, пайдалануға берілді. Жалпы аумағы 3 гектарды алып жатқан мектептің ауданы – 8 334 шаршы метр. Үш қабатты заманауи ғимарат бір ауысымда 600 оқушыны қабылдауға қауқарлы. Оқу ордасында 180 орындық асхана, 30 орындық оқу залы бар кітапхана, спорт және акт залдары, 3 шеберхана мен медициналық пункт, сондай-ақ заманауи жабдықталған оқу кабинеттері қарастырылған.

Шара барысында қонақтар оқу кабинеттерін, кітапхана мен спорт залын аралап, мектептің материалдық-техникалық базасымен танысты. Мектеп ауыл балаларының сапалы білім алуына, шығармашылық қабілеттерін дамытуға және зияткер ұрпақ қалыптастыруға зор үлес қосады деп күтілуде.

Сауран ауданында қазіргі таңда 24 мыңнан астам оқушы білім алып жатқан 60-тан аса мектеп жұмыс істейді. Аудандағы демографиялық өсім жыл сайын артып келеді, әрине, бұл өз кезегінде жаңа мектептердің салынуын талап етеді.  Оның ішінде 44 мемлекеттік, 18 жекеменшік мектеп бар. 2025 жылы 1579 түлек 11-сыныпты аяқтап, олардың 104-і «Алтын белгі», 131-і «Үздік аттестат» иегері атанды. ҰБТ-ға 1427 оқушы қатысып, ауданның орташа балы 78-ді құрады. Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша білім сапасының көрсеткіші 60,3%-ға жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 4,6%-ға артты. Биыл ауданда 2260 бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттады.

Жаңа оқу жылында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бірқатар жұмыстар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, С.Қожанов елді мекендерінде жаңа мектеп пайдалануға берілді. Сондай-ақ, Абай ауылында 300 орындық мектептің құрылысы басталды. Бұдан бөлек, Майдантал және Құмтүйін елді мекендерінде жаңа мектеп пен 300 орындық «Оқушылар сарайын» салу үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда. Ал биыл Жұмабек Тәшенов атындағы мектепке, Молда Мұса атындағы мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Аудан көлемінде білім саласына бағытталған жүйелі жұмыстар өз жалғасын табуда. Оқу орындарының материалдық-техникалық базасы нығайып, жаңа мектептер бой көтеруде. Бұл игі бастамалар сапалы білім берудің негізгі кепілі болмақ.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Түркістан облысында барлығы 29 «Келешек мектебі» салынды. Өткен жылы 13 мектеп пайдалануға берілсе, биылғы жаңа оқу жылынан бері тағы 10 мектеп ашылды. Жыл соңында дейін 6 келешек мектеп ел игілігіне беріледі.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You