![]()
Сауран ауданында су тасқыны қаупі бар аумақтардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында инженерлік инфрақұрылымды күшейту жұмыстары жүргізілуде. Негізгі назар су өткізу арналарын тазартуға, қорғаныс құрылыстарын нығайтуға және тасқын судың елді мекендерге жету қаупін азайтуға бағытталған.
Жаңа Иқан ауылдық округінде қорғаныс құрылыстарының беріктігін арттыру мақсатында ұзындығы 800 метр болатын дамбы қайта қалпына келтірілді. Бұл жұмыс су тасқыны кезінде елді мекендерді қорғауға арналған инженерлік нысанның сенімділігін күшейтуге мүмкіндік береді.
Ибата елді мекенінде таулы аймақтардан келетін тасқын суды қауіпсіз бағыттау үшін ұзындығы 4,5 шақырым қашыртқы арнасы қайта қалпына келтірілді. Арнаның су өткізу қабілетін жақсарту көктемгі жауын-шашын мен қар суы көбейген кезеңде елді мекен аумағын су басу қаупін төмендетуге бағытталған.
Сондай-ақ Шорнақ ауылдық округіндегі Тастақсай өзенінің арнасында 2 шақырым аумақта механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. Арнадағы шөгінділер мен бөгде заттарды тазарту су ағысының еркін өтуіне жағдай жасап, тасқын кезінде судың арнадан асып кету қаупін азайтады.
Аудандағы атқарылған жұмыстар су тасқыны қаупін алдын ала бағалап, қауіпті учаскелерде тиісті инженерлік шараларды уақытылы жүргізудің маңызын көрсетеді. Бұл бағыттағы жұмыстар тек төтенше жағдай туындаған кезде емес, алдын ала жоспарлы түрде жүзеге асырылуда.
“Сауран ауданында су тасқынының алдын алу, су шаруашылығы нысандарының жай-күйін жақсарту және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар кезең-кезеңімен жалғаса береді. Қауіпті аумақтар тұрақты бақылауда ұсталып, қажетті инженерлік шаралар дер кезінде қабылданатын болады”, — дейді сала жауаптылары.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
