Сауран ауданында “Тазалық – біздің қолымызда” ұранымен тазалық жұмыстары жасалды

Сауран ауданында “Таза Қазақстан” акциясы аясында кезекті сенбілік ұйымдастырылды. “Тазалық – біздің қолымызда” ұранымен өткен экологиялық шараға аудан жастары мен мемлекеттік мекеме қызметкерлері, еріктілер мен “Жасыл ел” жастар ұйымының мүшелері белсене қатысты.

Сенбілік аудан орталығында өтті. Тазалық жұмыстарына 100-ге жуық адам жұмылдырылып, қоғамдық орындар мен көше бойларында, ашық алаңдарда тазарту жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, 5 бірлік арнайы техника тартылып, нәтижесінде 9 тонна тұрмыстық қалдық шығарылды.

Іс-шара барысында мобильді топтар елді мекен ішінде рейд жүргізіп, қоршаған ортаны қорғау, тазалықты сақтау және қоқыс тастамау мәдениетін қалыптастыру бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Естеріңізде болса, Сауран ауданында жарияланған “Тазалық – біздің қолымызда” айлығы аясында кезекті сенбілік Ескі Иқан ауылдық округінде де ұйымдастырылды. Ауқымды шараға аудан әкімінің орынбасары Алимжан Сихымбай арнайы қатысып, тұрғындарды қоршаған ортаны таза ұстауға шақырды.

Тазалық шарасына округке қарасты мекеме қызметкерлері, мектеп ұжымы, жастар мен ауыл тұрғындары белсене атсалысты. Жалпы саны 1000-ға жуық адам мен 13 арнайы техника жұмылдырылып, ауыл көшелері, ирригациялық жүйелер, жол жиегі мен қоғамдық орындар тазартылды. Нәтижесінде 14 тоннаға жуық тұрмыстық және қатты қалдықтар шығарылып, арнайы полигонға жеткізілді.

— Тазалық — тек бір күндік акция емес, бұл әр азаматтың күнделікті өмір сүру мәдениетіне айналуы керек. Біз ауылдың көркі мен тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру үшін осындай шараларды тұрақты түрде жалғастырамыз, – деді аудан әкімінің орынбасары өз сөзінде.

Айта кетейік, сенбілік жұмыстары айлық аясында басқа ауылдық округтерде де жалғасатын болады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You