Сауран ауданында жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау шараларын жетілдіру міндеттері айқындалды

Loading

Сауран ауданында халықты тұрақты жұмыспен қамту, жұмыссыз азаматтарды мемлекеттік қолдау бағдарламаларына тарту және әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасылардың тұрмыс жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Осы мәселелер аудан әкімдігінде өткен жұмысшы топтың кезекті отырысында талқыланып, жауапты мекемелерге нақты міндеттер жүктелді.

Аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаевтың төрағалығымен өткен жиынға ауылдық округ әкімдерінің орынбасарлары, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің, «Мансап» орталығының, аудандық емхананың, білім бөлімінің, ішкі саясат бөлімінің, «Жастар ресурстық орталығының» және өзге де жауапты мекемелердің өкілдері қатысты.

Күн тәртібінде халықты жұмыспен қамту шараларының орындалу барысы және Отбасының цифрлық картасы ақпараттық жүйесіндегі Д және Е санатындағы отбасылар туралы мәліметтерді өзектендіру мәселелері қаралды.

Жиында аудан тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамту, жұмыссыз азаматтарды мемлекеттік бағдарламаларға қатыстыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және еңбек нарығындағы сұранысқа сәйкес азаматтардың кәсіби мүмкіндіктерін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар сараланды. Сонымен қатар әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылардың тұрмыс жағдайын жақсарту, олардың мәселелерін анықтап, тиісті көмек көрсету жолдары талқыланды.

Әсіресе, Отбасының цифрлық картасындағы Д және Е санаттарына жататын отбасылардың әлеуметтік жағдайын жан-жақты зерделеу, жүйедегі деректердің нақтылығын қамтамасыз ету мәселесіне басымдық берілді. Осы санаттағы отбасылармен жеке жұмыс жүргізіп, олардың нақты қажеттіліктерін анықтау, еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамту шараларына тарту, балалардың білім беру ұйымдарына тіркелуін қадағалау және медициналық қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету қажеттігі айтылды.

Аталған жұмыстардың нәтижелі болуы үшін жауапты мекемелердің өзара үйлесімді әрекет етуі маңызды. Өйткені әр отбасының әлеуметтік жағдайы әртүрлі болғандықтан, көрсетілетін қолдау да нақты қажеттілікке қарай ұйымдастырылуы тиіс. Бұл ретте цифрлық жүйедегі мәліметтерді уақытылы жаңарту мен отбасылардың нақты жағдайын зерделеу әлеуметтік көмектің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев әрбір отбасының әлеуметтік жағдайына жеке назар аударып, олардың мәселелерін шешуде мекемелер арасындағы байланысты күшейтудің маңызын атап өтті. Сондай-ақ жұмыспен қамтуға қабілетті азаматтарды мемлекеттік қолдау тетіктері арқылы еңбекке тарту, әлеуметтік осал топтарға жататын отбасыларды назардан тыс қалдырмау және жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесін тұрақты бақылау қажеттігін жеткізді.

Отырыс қорытындысында тиісті сала жетекшілеріне халықты жұмыспен қамту көрсеткіштерін жақсарту, әлеуметтік осал санаттағы отбасылармен жұмысты жүйелі жүргізу, Отбасының цифрлық картасындағы мәліметтерді өзектендіру және Д, Е санатындағы отбасылар санын азайту бағытында нақты тапсырмалар берілді.

Жалпы, жұмыспен қамту мен әлеуметтік қолдау шараларының басты мақсаты – азаматтардың табысын арттыруға мүмкіндік жасау, әр отбасының тұрмыс сапасын жақсарту және әлеуметтік мәселелердің алдын алу. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыс ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң ықпал етпек.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You