Сауран ауданында «Жасыл болашақ» кезеңі аясында кең ауқымды сенбілік өтті

Сауран ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының «Жасыл болашақ» кезеңі аясында кең ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Тазалық пен қоршаған ортаны қорғауға бағытталған шараға аудан бойынша 2300-ге жуық тұрғын белсенді қатысты. Олардың қатарында мемлекеттік және бюджеттік мекемелердің қызметкерлері, жастар, еріктілер және ауыл тұрғындары болды.

Сенбілік жұмыстары негізінен Шорнақ ауылдық округі мен Аша елді мекенінде жүргізілді. Қоршаған ортаны абаттандыру мақсатында елді мекен көшелері мен қоғамдық орындар, су арналары мен жол жиектері күл-қоқыстан тазартылып, көгалдандыру шаралары атқарылды.

Тазалық жұмыстарына 13 арнайы техника тартылып, нәтижесінде 20 тоннадан астам тұрмыстық қалдықтар сыртқа шығарылды. Сонымен қатар, сенбілік барысында ағаш отырғызу және көгалдандыру жұмыстары да жүргізіліп, тұрғындар экологиялық мәдениетті қалыптастыруға белсенді түрде атсалысты.

Айта кетейік, жыл басынан бері Сауран ауданында 25 800 түп ағаш егілді. Ал күзгі маусымда қосымша 25 300 түп ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Соның ішінде бүгінгі сенбілік барысында 380 түп ағаш көшеті егілді.

Бұл шаралар өңірдің экологиялық тепе-теңдігін сақтауға және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған. «Жасыл болашақ» кезеңіндегі тазалық және абаттандыру шаралары алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын табады.

Бұдан бөлек Сауран ауданында «AMANAT» партиясының бастамасымен ұйымдастырылған «Taza Qazaqstan» экологиялық road-эстафетасы да өз мәресіне жетті. Эстафета аясындағы «Чемпиондық рух» атты таңғы жаттығу шарасы Шорнақ ауылындағы балалар саябағында өтті.

Іс-шараға аудан жастары мен тұрғындар қатысып, танымал спортшылармен бірге жаттығу жасап, салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Қатысушылар қатарында жеңіл атлетикадан Азия чемпионатының жүлдегері Ақбілек Құралбай, дзюдодан әлем чемпионы Ернұр Батырғали, ұлттық құраманың спортшысы Абдулазиз Абдулкаюмов және спорт шебері Қанат Рысбек болды.

Шараға Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров, «AMANAT» партиясы «Жастар рухы» жастар қанатының жетекшісі Ақерке Искандерова, партияның Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, облыстық мәслихат депутаты Қалыйма Жантөреева, партияның аудандық филиалының атқарушы хатшысы Сағынбек Асылбеков, аудандық мәслихат депутаттары мен жастар қатысты.

Қалыйма Жантөреқызы өз сөзінде Сауранның ежелгі тарихына, рухани мұрасына тоқталып, тазалық пен адалдық — бір-бірімен ұштасқан ұғым екенін атап өтті. Сондай-ақ жастардың белсенділігі мен бастамашылдығына ризашылығын білдірді. Жаттығу барысында спортшылар қатысушыларға жаттығу тәсілдерін көрсетіп, сергектік пен командалық рух сыйлады. Белсенділік танытқан жастар мен ауыл тұрғындарына ынталандыру сыйлықтары табысталды.

Эстафета әрі қарай көне Сауран қалашығында «Вандализмге жол жоқ!» акциясымен жалғасты. Қатысушылар тарихи нысан аумағын және оған апаратын жол бойын тазалап, туристерге экологиялық мәдениет пен тарихи мұраның маңыздылығы жөнінде ақпарат берді.

«Taza Qazaqstan» road-эстафетасының Түркістан облысындағы кезеңінің қорытындысын «Жастар рухы» жастар қанатының жетекшісі Ақерке Искандерова жариялады. Оның айтуынша, өңірде өткізілген екі күн ішінде бес аудан мен Шымкент қаласы қамтылып, 40 тоннадан астам қоқыс жиналды. Жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру жобаның басты мақсаты болды. Эстафета қорытындысында қатысушылар Қызылорда облысына аттанып, жол бойы тазалық пен бірлік үлгісін көрсетті.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You