Сауран ауданында жол және көпір инфрақұрылымы жаңартылып, мәдениет үйі күрделі жөнделіп жатыр

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров Жүйнек ауылдық округіне жұмыс сапарымен барып, елді мекендердегі жолдарды орташа жөндеу және пайдалануға берілген көпір құрылысымен танысты.

Жүйнек ауылындағы Халмурзаев көшесі (2,006 шақырым), Әмір Темір көшесі (1,480 шақырым), И.Атажанов көшесі (1,855 шақырым), Шекербұлақ ауылындағы Момбеков көшесі (1,730 шақырым), Шыпан ауылындағы Ордабасы көшесі (1,583 шақырым) және Сарыарқа көшесі (2,5 шақырым) бойынша ұзындығы жалпы 11,15 шақырымды құрайтын жолдарға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Асфальт жабындысының қалыңдығы 5 сантиметр. Жөндеу жұмыстарын «Жайлау Агро» ЖШС жүргізіп жатыр. Жоба қыркүйек айының соңына дейін толық аяқталады деп жоспарланған.

Сонымен қатар, Шекербұлақ елді мекеніндегі Балантас көшесінен Түркістан көшелеріне өтетін учаскеде орналасқан көпір ағымдағы жөндеуден өтті. Ұзындығы 14 метр, ені 4 метр болатын бұл көпірдің астына бетон блоктар орнатылды. Жөндеу жұмыстарын «Kaz Construction» ЖШС жүргізді.

Аудан әкімі аталған инфрақұрылым нысандарын аралау барысында жұмыс сапасы мен мерзімінде аяқталуын басты назарға алып, мердігер мекемелер мен тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.

– Ауылдық елді мекендердің жол және көлік инфрақұрылымын жаңарту — тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартудың маңызды тетігі. Әрбір құрылыс халықтың күнделікті игілігі үшін жұмыс істеуі керек, — деді аудан әкімі Мақсат Таңғатаров.

Сонымен бірге Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров Қарашық ауылдық округіне жұмыс сапарымен барып, ауылдық мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.

Қарашық ауылдық мәдениет үйі — аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты «Мәдениет үйі» КММ-нің құрылымдық бөлімі. Мекеме Сауран ауданы, Қарашық ауылдық округінде орналасқан. 1970 жылы салынған типтік үлгідегі ғимараттың жалпы көлемі 1215 шаршы метрді құрайды.

Ғимараттың апатты жағдайына байланысты 280 орындық жаңа мәдениет үйін салуға арналған жобалық-сметалық құжаттаманы «Диас Проект» ЖШС әзірлеген. Қазіргі таңда нысанда күрделі жөндеу жұмыстарын «Строительная компания EMAAR» ЖШС жүргізуде.

Аудан әкімі құрылыс алаңында болып, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы мен мерзімдік орындалуын бақылап, мердігер мекемеге нақты міндеттер жүктеді. Жоспарға сәйкес, жөндеу жұмыстары 2026 жылдың желтоқсан айында толық аяқталып, пайдалануға беріледі деп межеленген.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You