
Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға алдын ала жазылған 6 азамат өздерін толғандырған 8 түрлі мәселе бойынша өтініштерін жеткізді.
Қабылдау барысында тұрғындар тарапынан мүмкіндігі шектеулі жандарды спорттағы жетістіктері үшін марапаттау мен ынталандыру, тұрақты жұмысқа орналасуға көмек көрсету, тұрғын үй алу, ауылішілік ауызсу құдықтарының қақпақтарын орнату, жер телімін рәсімдеу, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету (жол белгілері мен бейнебақылау камераларын орнату), сондай-ақ жеке меншік нысандардағы электр қуаты үшін төлем төлеу мәселелері көтерілді. Әрбір өтініш мұқият тыңдалып, тиісті бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар берілді.
Мәселен, тұрғын үй мәселесі бойынша азаматтардың тұрғын үй кезегінде тұрғаны расталып, құрылысы жүріп жатқан көпқабатты үйлер пайдалануға берілгеннен кейін кезек тәртібімен баспана ұсынылатыны хабарланды. Баспана демекші, күні кеше Майдантал ауылында ерекше қуаныш орын алды. Жергілікті мұқтаж отбасыға жаңа баспана тарту етіліп, игі іске ауыл жастары мен жеке кәсіпкерлер ұйытқы болды. Ауыл халқының ауызбіршілігі мен ізгілігінің айғағына айналған бұл шара ел ішінде үлкен қолдау мен ризашылыққа ие болды.
Қайырымдылық іс-шарасына Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров арнайы қатысып, елдің бірлігін жоғары бағалады. Сонымен қатар, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Баймахан Сүлейменов, аудандық мәслихат депутаты Арслан Рахматуллаев, ауыл ақсақалдары және тұрғындар шараның куәсі болды.
Жаңа шаңырақтың кілті табысталып, отбасыға қажетті тұрмыстық заттармен қатар, ізгі тілектер мен баталар да жолданды. Ауыл ақсақалдары жастардың бастамасына ақ батасын беріп, осындай игі істердің көптеп жалғасуына тілектестігін білдірді.
Жұмыс сұраған азаматқа Мансап орталығы арқылы жұмысқа орналасу жолдары түсіндіріліп, қолдау көрсетілетін болды. Ауызсу құдықтарының қақпақтарын орнату бойынша жұмыстар тамыз айының соңына дейін толық аяқталатыны айтылды. Жер телімі бойынша өткен конкурс нәтижесіне байланысты түсіндірме берілді.
Сонымен қатар, жол қауіпсіздігіне қатысты ұсыныстар қолдау тауып, жол белгілері мен бейнебақылау камераларын орнату жұмыстарының жоспарға енгізілгені белгілі болды. Электр энергиясына қатысты сұрақтар бойынша аудан балансына кірмейтін жеке нысандар үшін төлемдердің меншік иесінің есебінен жүргізілетіні заңнамаға сәйкес түсіндірілді.
Жеке қабылдау қорытындысы бойынша көтерілген әрбір мәселе аудан әкімінің жеке бақылауына алынды. Тиісті бөлімдерге нақты тапсырмалар жүктеліп, тұрғындардың өтініштері бойынша жұмыстардың орындалу мерзімдері белгіленді.
Ынталы–Қаражон бағытындағы автомобиль жолының ұзындығы 6,3 шақырымды құрайды
Бұдан бөлек бүгін Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров аудандық маңызы бар Ынталы–Қаражон бағытындағы автомобиль жолында жүргізіліп жатқан орташа жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.
Ұзындығы 6,3 шақырымды құрайтын бұл автожолдың ені — 6 метр, асфальт жабындысының қалыңдығы — 5 сантиметр. Қазіргі таңда жол төсемінің асфальт қабаты төселіп жатыр. Жөндеу жұмыстарын «Свх-Ақтоғай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Мердігер мекеме бекітілген кестеге сәйкес жұмысты сапалы әрі уақытылы аяқтауды мақсат етіп отыр.
Аудан басшысы атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына назар аударып, мердігер мекеме өкілдеріне нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар, жөндеу жұмыстарының белгіленген мерзім – 2025 жылғы қыркүйек айына дейін толық аяқталуы тиіс екенін ескертті.
Ынталы–Қаражон бағытындағы жолдың жөнделуі аталған бағытта қатынайтын тұрғындардың көлік қатынасын айтарлықтай жеңілдетіп, ауылішілік және ауданаралық инфрақұрылымды жақсартуға оң әсер етері сөзсіз.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
