
Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров тұрғындарды жеке қабылдап, азаматтардың өтініш-тілектерін тыңдады. Қабылдауға алдын ала жазылған 5 азамат қатысып, түрлі бағыттағы 6 мәселе көтерілді. Онда мәселелердің ішінде тұрғын үй, жер телімін беру, ағын судың жетіспеушілігі, инфрақұрылым мен жайылым жерлерді абаттандыру, сондай-ақ салыққа қатысты құқықтық сипаттағы сұрақтар болды.
Тұрғын үй алу жөнінде өтініш білдірген азаматшаға Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңына сәйкес кезекке тұру тәртібі түсіндірілді. Қажетті құжаттарды жинақтап, тиісті санаттар бойынша тіркелу жолдары баяндалды. Ағын су жетіспеушілігіне қатысты шағымға байланысты облыс көлеміндегі су тапшылығы мәселесі айтылып, нақты су алқаптарына ұңғымалар қазу арқылы жағдай ішінара шешілгені жеткізілді. Сонымен қатар ауыл шаруашылығына арналған құдық қазу мәселесі бойынша мемлекеттік субсидия алу тәртібі түсіндірілді.
Жеке балабақша салу үшін жер телімін сұраған азаматқа ауданның бас жоспарына сәйкес балабақшаға арналған екі орын қарастырылғаны, аталған телімдердің алдағы уақытта аукцион арқылы ұсынылатыны айтылды. Жайылым жерлерге жол және инфрақұрылым тарту мәселелері бойынша бүгінгі таңда аудандық бюджеттен қаражат қаралмағаны мәлімделіп, алдағы жоспарларға енгізу туралы ұсыныстар назарға алынды.
Сондай-ақ, меншік құқығына қатысты құқықтық мәселе көтерген азаматқа қолданыстағы заңнамаға сәйкес жылжымайтын мүлік пен жер телімі бойынша туындаған құқықтық жағдайлар түсіндіріліп, тиісті құжаттар негізінде заңды иесі анықталғаны айтылды. Аудан әкімі көтерілген барлық мәселелерді жеке бақылауға алып, жауапты бөлімдерге нақты тапсырмалар жүктеді.
Мұнан өзге бүгін Сауран ауданы әкімінің аппарат басшысы, сондай-ақ әдеп жөніндегі уәкіл Бекзат Абубакиров та тұрғындарды жеке қабылдап, олардың өтініштері мен сауалдарын тыңдады.
Қабылдау барысында азаматтар негізінен жер телімдерін алу, ауыл шаруашылығына арналған жерді жалға рәсімдеу, бос жұмыс орындарына орналасу мәселелерін көтерді. Бекзат Абубакиров әрбір көтерілген мәселені жеке қарап, тиісті құқықтық кеңес берді. Жерге қатысты мәселелер бойынша жауапты бөлімдерге сұрау салынатыны және нақты шешу жолдары қаралатыны айтылды. Жұмыспен қамту бағытындағы ұсыныстар зерделеніп, тиісті шаралар қабылданатыны хабарланды.
Әдеп жөніндегі уәкіл мемлекеттік қызметтің ашықтығы мен жауапкершілік қағидаттарын түсіндіріп, тұрғындармен кері байланыстың маңыздылығына тоқталды. Мұндай қабылдаулар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатын болады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
