Сауран ауданының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тікелей әсер ететін өзекті мәселелер қаралды

Бүгін Сауран ауданы әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтті. Онда ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тікелей әсер ететін бірқатар өзекті мәселелер қаралды.

Күн тәртібіне сәйкес, «Сауран Су» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Мақсат Жарменов мекеменің берешек қарыздарының орындалуы және оны азайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады.

Келесі мәселе бойынша «Мансап» орталығының басшысы Нұрлыбек Қарабаев 2025 жылдың 9 айындағы жұмыстың қорытындысын ұсынып, жұмыспен қамту және кәсіби даярлау бағытындағы көрсеткіштерге тоқталды.

Сондай-ақ, аппараттық мәжілісте аудан әкімінің аппаратына қарасты мемлекеттік-құқықтық және терроризмге қарсы іс-қимыл бөлімінің басшысы Самат Әжіғабылов орындаушылық тәртіп бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді. Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Мақсат Таңғатаров қаралған мәселелер бойынша нақты тапсырмалар беріп, олардың орындалуын бақылауда ұстауды тапсырды.

Мемлекеттік әдеп пен құжат жүргізу тәртібі талқыланды

Бұдан бөлек бүгін Сауран ауданы әкімінің аппарат басшысы, аудан әкімдігінің әдеп жөніндегі уәкілі Бекзат Абубакиров мемлекеттік қызметшілермен жиын өткізіп, бірқатар өзекті мәселелерді ортаға салды.

Кездесу барысында мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын сақтау, азаматтармен қарым-қатынаста ашықтық пен сыпайылықты ұстану, сондай-ақ ұжым ішіндегі тәртіп пен жауапкершілік мәдениетін нығайту тақырыптары кеңінен сөз болды.

Сонымен қатар жиында құжат айналымы тәртібіне айрықша назар аударылды. Аппарат басшысы ресми хат-хабарларды уақтылы тіркеу, дұрыс рәсімдеу және белгіленген мерзімде орындау мемлекеттік органдар жұмысының сапасына тікелей әсер ететінін атап өтті.

Кездесу барысында қызметтік құжаттардың мазмұны мен ресімделуіне қойылатын талаптар, сондай-ақ электрондық құжат жүйесіндегі тәртіп нақты түсіндірілді. Бекзат Абубакиров Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің тапсырмалары мен ішкі бақылау нәтижелерін негізге ала отырып, әрбір қызметшіден жоғары тәртіп пен жауапкершілік күтетінін жеткізді.

Орайы келгенде Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті «Сервистік және клиентке бағдарланған мемлекеттік аппаратты қалыптастыруға бағытталған қадамдық жоспар» аясында «Қызмет алушылар күні» іс-шарасын өткізетіні туралы құлаққағыс жасай кетсек.

Іс-шараның тақырыбы: «Кәсіпкерлік: рұқсат құжаттары мен лицензияларды алу, бизнесті дамытуға және қолдауға арналған гранттар, заңнамадағы жаңалықтар, салық режимі және кәсіпкерлікті қолдау бағдарламалары». Іс-шара барысында қатысушыларға кәсіпкерлік саласындағы өзекті мәселелер бойынша кеңес беріліп, мемлекеттік қолдау тетіктері түсіндіріледі. Өтетін уақыты мен орны: 2025 жылғы 5 қараша, сағат 11:00-де, Сауран ауданы, Шорнақ ауылы, М.Темірбаев көшесі №30, аудан әкімдігі ғимаратының 1-қабатында.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You