
Астана қаласында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі «Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының» ұйымдастыруымен 2-11-сынып оқушылары арасында шахмат, дойбы және тоғызқұмалақ спорт түрлерінен республикалық олимпиада өтті.
Аталған олимпиадада Түркістан облысының намысын қорғаған Сауран ауданының білім бөлімінің құрамындағы М.Әуезов атындағы және №3 жалпы орта мектептердің 5 ұл мен 5 қыздан құралған командасы дойбы сайысында жүлделі І орынды иеленіп, өңір мерейін асқақтатты.
Жас спортшыларды жарысқа топ жетекшісі, №3 мектеп директоры Нұрлан Кәдіров, сондай-ақ жаттықтырушылары – М.Әуезов атындағы мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімдері Қадырхан Айтілеуов, Арман Құлмырза, №3 мектептің спорт нұсқаушысы Шоқан Муталиф және ҚББП әдіскері Диля Пірметова бастап барып, лайықты дайындық жүргізді.
Жарыс жеңімпаздарын, олардың жетекшілері мен жаттықтырушыларын шын жүректен құттықтаймыз. Оқушыларымыздың жетістігі – Сауран ауданының білім саласындағы жүйелі жұмыстың, спортқа деген қолдаудың және ұстаздар еңбегінің жемісі.
Тағы бір атап өтерлігі, Сауран ауданында жастардың білімге деген қызығушылығын арттыру, логикалық ойлау қабілеттерін дамыту және зияткерлік деңгейін көтеру мақсатында облыстық “БІЛІМ БӘЙГЕ” интеллектуалды сайысы өткізілді. Іс-шараны Сауран ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің “Жастар ресурстық орталығы” КММ ұйымдастырды.
Сайыстың ашылу рәсіміне Сауран ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев, аудандық мәслихат депутаттары Аслан Раматуллаев пен Хуршид Шарапов, сондай-ақ аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшы міндетін уақытша атқарушы Марат Қалеке қатысып, қатысушыларға сәттілік тілеп, жастардың зияткерлік әлеуетін арттыру бағытындағы мұндай іс-шаралардың маңыздылығын атап өтті.
Интеллектуалды сайыс төрт кезеңнен тұрды. Қатысушылар салт-дәстүр, өнер және жалпы танымдық бағыттағы сұрақтарға жауап беріп, білім мен логикалық ойлау қабілеттерін сынға салды. Әр тапсырманы орындауға 1 минут уақыт берілді.
Байқауға Түркістан облысы, Кентау қаласы, Бәйдібек, Сайрам және Сауран аудандарының жастары қатысып, барлығы 22 команда өзара бақ сынады. Сайыс қорытындысы бойынша бас жүлдені — «Дарын» командасы иеленсе, бірінші орын — «Кемеңгер» командасына, екінші орын — «JOL-STAR» командасына, ал үшінші орын «Руханият» командасына бұйырды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге аудан әкімінің атынан алғыс хаттар мен қаржылай сыйлықтар табысталды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге аудан әкімінің атынан алғыс хаттар және қаржылай сыйлықтар табысталды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
