
Республика күні қарсаңында Астанада өткен «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Елдің түкпір-түкпірінен келген үздік әулеттер арасынан Түркістан облысының намысын қорғаған Сауран ауданындағы Молдабековтер отбасы жеңімпаз атанды.
Марапаттау рәсіміне ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев қатысып, отбасы институтын нығайту мен ұлттық құндылықтарды дәріптеу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айрықша назарында екенін атап өтті. Өз сөзінде ол отбасылық институтты нығайту бағытында мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан бастамаларға тоқталды.
«Ана мен баланың құқықтарын қорғау, «Ұлттық қор – балаларға», «Келешек мектептері» секілді кешенді жобалар елімізде отбасы құндылықтарының нығаюына және азаматтардың өмір сапасын арттыруға ықпал етеді деп сенеміз», — деді Мәулен Әшімбаев.
Байқауда еліміздің 20 өңірінен іріктелген үздік әулеттер бақ сынап, әрқайсысы өз отбасылық тарихы мен еңбегі арқылы үлгі көрсетті. Биылғы «Мерейлі отбасы-2025» байқауында еліміздің түкпір-түкпірінен қатысқан 20 отбасы жеңімпаз атанды. Бұл әулеттер – еңбегімен елге үлгі болып, ұрпақ тәрбиесінде өнеге көрсетіп отырған, бірлігі бекем, бақ-берекесі жарасқан отбасылар.
Солардың ішінде саурандық еңбекқор, ынтымағы жарасқан Молдабековтер әулеті туған жерінің абыройын асқақтатып, өңірдің «Мерейлі отбасысы» атанды. «Мерейлі отбасы» байқауы — ұлттық құндылықтарды дәріптеп, ұрпақтар сабақтастығын нығайтатын маңызды жоба. Осындай берекелі, өнегелі әулеттердің арқасында елдің іргесі мықты, болашағы жарқын болмақ.
Байқау жеңімпаздарына арнайы сыйлықтар мен дипломдар табысталды. «Мерейлі отбасы» жобасы жыл сайын ел ішіндегі татулық пен рухани бірлікті нығайтуға бағытталған маңызды бастама ретінде жалғасып келеді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
