ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ләззат Қалтаева Шымкент қаласындағы «Тең қоғам» әлеуметтік қолдау орталығының жұмысымен танысты.
«Тең қоғам» әлеуметтік қолдау орталығы «бір терезе» қағидасымен 5 бағытта қызмет көрсетеді. Мұнда дәрігер мен психолог жұмыс істейді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа орналастыруға баса назар аударылған.
Сондай-ақ, бұл жерде мүмкіндігі шектеулі азаматтар әлеуметтік порталдың қызметін өз бетінше алуды үйренуіне болады.
—Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдау көрсету – мемлекеттің әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі. Бүгінде мемлекеттік жәрдемақымен қоса медициналық оңалту және ем түрлері көрсетіледі. Әлеуметтік портал арқылы көмекші құралдармен толық қамтамасыз етілуде. Оған қоса Парламентте мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қорғауға бағытталған заңнаманы желтілдіру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде. Сессияаралық демалыс кезінде осы жұмыстың нәтижесі қалай болып жатқанын көру үшін өңірлерді аралап жатырмыз, — деді сенатор.
Айта кетейік, халық қалаулысы қаладағы әлеуметтік қамсыздандыру, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өзекті сұрақтары және оларды шешу жолдары, әлеуметтік мәселелерлерді талқылауға арналған дөңгелек үстел мәжілісіне қатысты.
Естеріңізге сала кетейік, аталмыш әлеуметтік орталық Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай 2021 жылдың желтоқсан айында ашылған еді.
Шымкент қаласында 36 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан өмір сүруде. Оның ішінде 6 мыңнан астамы кәмелет жасқа толмағандар. Біз оларға өздерін қоғамның толыққанды мүшесі екенін сезіндіруміз қажет. Бұл ретте мүгедектерді оңалту мен оларды қоғамға кіріктіру міндеттерін сапалы жүзеге асырудың маңызы зор. Бүгін ашылып отырған әлеуметтік қолдау орталығы аталған міндетті орындауға септігін тигізеді, – деген еді орталықтың ашылу салтанатында сөз сөйлеген қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы.
«Anyq.kz» — ақпарат