
Шардара қаласындағы Шардара су қоймасында тұқы балығын спорттық аулаудан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Ауқымды жарысқа еліміздің әр өңірінен келген үздік спорттық балықшы командалар қатысып, өзара бақ сынасты.
Чемпионат жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушылар арасында әділ әрі тартысты ойын өтті.
Сайыс қорытындысы бойынша жүлделі орындарға төмендегі командалар ие болды:
І орын – «GT» командасы, Астана қаласы;
ІІ орын – «JB» командасы, Түркістан облысы;
ІІІ орын – «Fishing Shym» командасы, Түркістан облысы.
Өңірде бұл жарыстың маңыздылығы артқан. Себебі 2029 жылы дәл осы Шардара су қоймасы тұқы балығын спорттық аулаудан Әлем чемпионатына ресми түрде таңдалып отыр. Бұл – Шардара өңірінің табиғи әлеуеті мен спорттық инфрақұрылымының халықаралық деңгейге сай екенін айқындайды.
Сонымен қатар жеңімпаз командалар 2026 жылы Македония Республикасында өтетін Әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік алды. Мұндай халықаралық және ұлттық деңгейдегі жарыстар еліміздегі спорттық балық аулау мәдениетін дамытуға, экологиялық туризмді ілгерілетуге және өңірдің халықаралық имиджін арттыруға үлкен үлес қосады.
Орайы келгенде айта өтер тағы бір мәселе, Шардара су қоймасын қорғау шаралары нәтижесінде 20-дан астам құқық бұзушы анықталды. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен Түркістан облысы әкімінің тапсырмасы аясында «Заң мен Тәртіп» қағидатын ілгерілету мақсатында Полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы, жергілікті полиция қызметі және жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлерінен құралған арнайы мобильдік топ құрылды.
Аталған топ су ресурстарын қорғау инспекциясымен бірлесе отырып, су ресурстарын заңсыз пайдаланатын тұлғаларды анықтауға бағытталған бірқатар жедел-профилактикалық іс-шараларды жүзеге асырды. Іс-шаралар барысында Мақтаарал, Жетісай, Келес, Шардара аудандары мен Шардара су қоймасы аумағында су ресурстарын рұқсатсыз пайдаланған азаматтар анықталды.
Сондай-ақ су қоймасының оңтүстік бөлігінде ұзындығы шамамен 3,7 шақырым, тереңдігі 1–1,4 метр болатын қолдан қазылған су арығы табылды. Жүргізілген рейдтік жұмыстар нәтижесінде су қоймасынан, соның ішінде су сорғыш құралдарының көмегімен су алған 20-дан астам азаматтың әрекеттері заңсыз деп танылды.
Тексеру барысында жалпы көлемі 140 гектардан асатын аумаққа заңсыз суарудың жүргізілгені белгілі болды. Ирригация маусымы басталғалы құқық бұзушылар «Алтай», «МТЗ» тракторлары мен «КамАЗ», «Mercedes» көліктерінің қозғалтқыштарын пайдаланып, сағатына шамамен 480 текше метр суды заңсыз алып отырған. Жалпы көлемі 414 миллион текше метр су рұқсатсыз пайдаланылғаны анықталды.
Анықталған деректер бойынша жиналған материалдар Арал — Сырдария бассейндік инспекциясына жолданды. Құқық бұзушыларға қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 141-бабына сәйкес шара қолданылды.
Түркістан облысы полиция департаментінің мобильді тобы су ресурстарын заңсыз пайдалану фактілерін анықтауға бағытталған жұмыстарды одан әрі жалғастыруда.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.