Шымкент: Қаратау ауданының прокуроры ұлттық пулға енгізілген ірі инвесторлармен кездесті

Мемлекет басшысының инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Қаратау ауданының прокуроры Ғалымжан Жаңабаев «Тассай» индустриалды аймағындағы ұлттық пулға енгізілген ірі инвесторлармен кездесті.

Кездесу барысында прокурор құны 1 миллиард теңгеден асатын мырышталған құбырларды өндіру жобасын жүзеге асырып жатқан «BS Group» ЖШС-мен, сондай-ақ құны 1,8 миллиард теңгеден асатын биофармацевтикалық зауытты іске асырып жатқан «Anda Company» ЖШС-нің қызметімен танысты. Аудан прокуроры кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғау мәселелері ерекше бақылауда тұрғанын, прокуратура органдары инвесторларға құқықтық қолдау көрсететінін, барлық қажетті құқықтық нормалар мен стандарттарды сақтауға жәрдемдесу бағытында белсенді жұмысты жалғастыратынын атап өтті.

Бизнес субъектілері өзекті мәселелер туындаған жағдайда кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі байланыс орталығының +77076150010 нөміріне немесе Фронт-офиске (Шымкент қаласы, Ерімбетов көшесі, 304 Г, «Заңғар» бизнес орталығының ғимараты) жұмыс күндері сағат 09:00-ден 19:00-ге дейін хабарласа алады.

Шымкент қаласының прокуратурасы жұмысына байланысты маңызды ақпаратпен де бөлісе кетсек. Шымкент қаласында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бағытында жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде жергілікті тұрғын аса ірі мөлшерде сора өсімдігін заңсыз өсіргені анықталды. Дәлірегі, 2025 жылғы 4 қыркүйекте Абай ауданының аумағында есірткі қылмыстарына қарсы профилактикалық жұмыстар жүргізу барысында Шымкент қаласындағы Темірлан тас жолының бойында егістік жерден 112 килограмм марихуана есірткі заты анықталып, айғақ зат ретінде тәркіленген болатын.

Аталған дерек бойынша күдіктіге қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 300-бабы 3-бөлігінің 2) тармағы аса ірі мөлшерде сора өсімдігінің заңсыз өсіру фактісімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, күдікті тұлға қамауға алынды.
Аталған баппен 12 жылға дейін баламасыз бас бостандығын айыру жазасы көзделген.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You