Шымкент қаласы әкімінің көшпелі кездесуі Еңбекші ауданында қорытындыланды

Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков есепті кездесулердің соңғы күні Тоғыз және Тұрдыабад тұрғын алаптарының Қаратөбе, Алатау көшелерінің және «Жеңіс» саябағының жанындағы үйлердің тұрғындарымен кездесті.

Кездесу барысында жол-көлік инфрақұрылымы, өзен жағалауы мен «Бадам» су қоймасын абаттандыру, сондай-ақ шалғайдағы көшелерді жарықтандыру мәселелері көтерілді. Сондай-ақ жергілікті тұрғындар тарапынан «Оқушылар сарайын» салу, автотұрақтар, жаяу жүргіншілер өткелдері мен суару жүйелерін ұйымдастыру ұсыныстары жолданды.

Қала басшысы ауданда атқарылған жұмыстар мен халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған кешенді шараларға тоқталды. Тұрғындарды сапалы сумен қамтамасыз ету үшін Сайрам тұрғын алабында сорғы станциясы іске қосылды, Базарқақпа шағынауданында Мәдениет үйі қайта салынды. Келесі жылы «Қазығұрт» мәдениет үйін қайта жаңарту жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, соңғы екі жылда Қаратөбе, Еламан, Қарабастау, Жұлдыз және Жалын тұрғын алаптары газдандырылды. Қаланың шығыс бөлігінің көліктік қолжетімділігін жақсарту үшін Момынов және Тіленшин көшелерінде екі ірі автомобиль өткелдерінің құрылысы басталды.

Бүгінгі таңда Еңбекші ауданында 57 шақырым жол төселіп, биыл 73 шақырымнан астам жолды аяқтау жоспарлануда. 530 көше жарықтандырылды, тағы 85 көшеге жыл соңына дейін жарық жүйелері жүргізіледі.

Көшпелі кездесулердің қорытындысы бойынша тұрғындардың өтініштеріне жан-жақты талдау жүргізіліп, шешімдері кезең-кезеңімен іске асырылатын болады.

Сонымен қатар бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қоғамдық көлік паркінде болып, күні ертең №146 және №150 маршруттарға шығатын 30 жаңа автобусты қарап шықты. Қарағандыдағы «Qaz Tehna» ЖШС зауытында өндірілген «Yutong» маркалы заманауи автобустар халықаралық стандарттарға сәйкес келеді және әрқайсысы 85 жолаушыға арналған.

Айта кетейік, жолаушылар тасымалын Шымкент нарығында жұмыс істей бастаған «Bozjorga Bus» ЖШС жаңа көлік компаниясы жүзеге асырады. Жаңа операторлардың пайда болуы бәсекелестікті күшейтеді және қызмет көрсету сапасын арттырады. Бұл қала тұрғындарының жайлылығы мен қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.

Қала әкімі көліктердің техникалық жағдайын бағалай отырып, тиісті басқармаға автобустарда Абай Құнанбаевтың қара сөздері мен күйлердің дыбысталуын, сондай-ақ аялдамалар мен жол ақысын төлеу туралы хабарлауды қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл жолаушылар үшін жайлы әрі мәдени-тәрбиелік орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You