Шымкент қаласы Патрульдік полиция полкі қызметкерлері бүлдіршіндерге жолда жүру ережелерін түсіндірді

«Қауіпсіз жол – балалар үшін!». Міне, осындай ұранмен Шымкент қаласы Патрульдік полиция полкі қызметкерлері «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында мектеп табалдырығын енді аттаған бүлдіршіндерге жолда жүру ережелерін түсіндірді.

Балалардың қауіпсіздігін басты назарға алған полицейлер оларға қарапайым әрі түсінікті тілде жазылған арнайы жадынама таратып, жолдан өту кезінде сақтықтың маңызын айтты. Бұл іс-шараның мақсаты – кішкентайлардың санасында жол қозғалысы ережелерін ерте жастан қалыптастыру.

Соңғы күндері жол қозғалысы ережелерінің өрескел бұзылуынан, әсіресе, қарсы бағытқа шығып қауіпті манёвр жасаудың салдарынан, қайғылы жағдай орын алды. Бұл апат адам өліміне әкеліп, бірнеше отбасының жүрегіне орны толмас жара салды. Осыған байланысты Шымкент қаласының Патрульдік полиция полкі қызметкерлері жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында арнайы жол-көлік апатының демонстрациясын (имитациясын) ұйымдастырды. Бұл шараның негізгі мақсаты – жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге жол ережесін сақтаудың өмірлік маңызы бар екенін тағы да еске салу, әрбір азаматты ойландыру болып табылады.

Жергілікті полицейлердің қайнаған тыныс-тіршілігіне қатысты сонымен қатар қоса кетер тағы бір жайт, Шымкент қаласы Еңбекші ауданы аумағында «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Іс-шара барысында пәтерлер мен жеке үйлер араланып, тұрғындармен профилактикалық әңгімелер жүргізілуде. Қоғамдық тәртіпті бұзған тұлғалар анықталып, есепте тұрған тұлғалармен түсіндіру жұмыстары атқарылып жатыр. «Сондай-ақ, рұқсатсыз сақталған қару-жарақ пен оқ-дәрілерге қатысты заң бұзушылықтар анықталады. Миграциялық заңнама талаптарының сақталуына тексеріс жүргізіледі», — дейді тәртіп сақшылары.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You