Шымкент қаласы Полиция департаментінде Тілдер апталығы аясында «дөңгелек үстел» өтті

Аталған іс-шараның мақсаты — мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, патриотизмді, рухани бірлестікті дамыту. «Дөңгелек үстелге» қатысушылар – департаменттің қызметкерлері. Іс-шара пікір алмасу форматында өтті. Барлық қатысушылар өз ойларын айта алды.

Іс-шараға қатысушылар тілдің ұлттық болмысты сақтаудағы маңыздылығын, оның ұрпақтан-ұрпаққа жеткізілетін бай мәдени мұра ретіндегі рөлін талқылап, қазақ тілінің мәдени мұра ретінде сақталуы, Қазақстанда өз тілімізге басымдық беру, оның жаһандану кезеңіндегі дамуы мен қолданылу аясының кеңеюіне қатысты маңызды мәселерді ортаға салды.
Дөңгелек үстелдің қорытындысы ретінде қатысушылар тілге қатысты мәселелерді шешу үшін қоғамның барлық салаларын жұмылдырып, ортақ мүдде аясында бірлескен іс-шараларды жүзеге асыру қажеттілігіне тоқталды.

Естеріңізде болса, Шымкентте «5 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері күні» мерекесіне арналған «ҚАЗАҚ ТІЛІ – ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛТАРАЛЫҚ ТІЛІ» атты форум өткен болатын. Көрме орталығында ұйымдастырылған шараға қаланың нағыз тіл жанашырлары мен мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін өзге ұлт өкілдері, жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері, сондай-ақ мәдениет пен өнер саласының өкілдері арнайы қатысты.

Форумның басты мақсаты – қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, қоғамда тіл саясатына деген қызығушылықты арттыру және түрлі этнос өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеруіне қолдау көрсету. Іс-шара басында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек сөз сөйледі. Ол өз сөзінде ана тіліміздің қоғамдағы орны мен маңыздылығына ерекше тоқталып, мемлекеттік тілдің дамуына үлес қосып жүрген форум қатысушыларына алғыс хаттар табыстады. Шымкент қаласы Полиция департаментінің Ақпараттық саясат басқармасының жетекші маманы Замира Бекжігітова «Алғыс хатпен» марапатталды.

Іс-шара барысында қатысушылар тілдің қоғамдағы орны мен маңызына тоқталып, Қазақстандағы бейбітшілік пен келісімді сақтау жолында тілдердің біріктіруші рөл атқаратынын атап өтті. Форумда мемлекеттік тілді дамытудағы жетістіктер, этностардың тілі мен мәдениетін сақтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндамалар оқылды, пікір алмасулар ұйымдастырылды.

Мерекеге орай ұйымдастырылған форумда қазақ тілінің қолданыс аясына, грамматикасына, терминологиялық сөздердің аудармасына қатысты орынды пікірлер мен ұсыныстар айтылды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You