Шымкент қаласында «Қауіпсіз жол» және «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шаралары өткізіліп жатыр

2025 жылғы 15-30 қыркүйек аралығында Шымкент қаласы аумағында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Аталған іс-шараның басты мақсаты — жол-көлік оқиғаларының алдын алу, адам өлімі мен жарақаттануды азайту, сондай-ақ жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің құқықтық мәдениетін арттыру.

Осы уақыт аралығында патрульдік полиция полкі қызметкерлері қала көшелерінде жол қозғалысы ережелерінің сақталуын қатаң қадағалайды. Әсіресе, жылдамдықты шамадан тыс асыру, қарсы бағытқа шығу, жаяу жүргіншілерге жол бермеу, қауіпсіздік белдігін тақпау, көлікті мас күйде басқару және өзге де жол қозғалысына тікелей қауіп төндіретін құқықбұзушылықтарға ерекше назар аударылады.

Полиция қызметкерлері тұрғындарды жолда сақ болуға, заң талаптарын қатаң сақтауға және әрбір жүргізушінің басты міндеті — өз өмірі мен өзгенің өмірін қорғау екенін естен шығармауға шақырады.

Өз кезегінде «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасына танымал блогерлер де үн қосуда. Олар өз жазбалары мен бейнероликтері арқылы қоғамға жол ережесін сақтаудың қаншалықты маңызды екенін жеткізіп, елді жолдағы қауіпсіздікке бейжай қарамауға шақырып жатыр. Себебі, жолдағы әрбір жауапсыздық бір отбасының қайғысына айналуы мүмкін. Ал әрбір сақтық – адамның өмірін сақтап қалудың кепілі.

Жоғарыда атап өткендей, қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы да өткізілуде. Шымкент қаласының Тұран аудандық полиция басқармасына қарасты №64 учаскелік полиция инспекторлары үйлерді аралап, тұрғындармен кездесіп, құқық бұзушылықтың алдын алуда. Тұрғылықты мекенжайда тіркеусіз тұратындар, пробация есебіндегі азаматтар, отбасылық-тұрмыстық жағдайы бақылауда тұрған тұлғалар тексерілуде. Мақсат – қылмыстың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және халықпен байланыс орнату.

«Сіз де өз учаскелік инспекторыңызбен байланыста болыңыз – қауіпсіз қоғам бірге құрылады!», — дейді полицейлер.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You