Шымкент қаласында қауіпсіз демалыс кеңістігін қалыптастыру үшін заңсыз нысан сүріліп, балалар алаңы салынды

Шымкент қаласының Қарабастау тұрғын алабында заңсыз тұрғызылған және қараусыз қалған құрылыс нысаны сүріліп, орнына балаларға арналған ойын және воркаут алаңшасы салынды.

Аталған мәселе қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің Қарабастау тұрғындарымен өткізген көшпелі кездесуінде көтерілген болатын. Кездесу барысында Қамбарұлы көшесінің бойында балалар алаңын орнату жөнінде ұсыныс айтылып, қала басшысы жауапты мекемелерге мәселені зерттеп, оң шешу бойынша тапсырма берген еді.

Қазіргі уақытта тапсырма негізінде тиісті жұмыстар жүргізіліп, тұрғындар үшін жаңа қоғамдық кеңістік пайдалануға берілді. Бұл алаңша балалардың қауіпсіз және белсенді демалысын қамтамасыз етуге бағытталған.

Қала әкімдігі алдағы уақытта да қала тұрғындарының ұсыныс-пікірлеріне құлақ асып, өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жобаларды жалғастыра бермек.

Бұдан бөлек Сапақ Датқа көшесі №6 үй ауласындағы балалар ойын алаңшасында орын алған ақаулар жойылып, алаңша толықтай ретке келтірілді. Аталған мәселе қала әкімі мен Әл-Фараби ауданы тұрғындарының көшпелі кездесуі барысында аудан тұрғыны С. Давыдова тарапынан көтерілген болатын. Қала басшысы мәселені жедел шешу жөнінде нақты тапсырма берді.

Қойылған тапсырмаға сәйкес, жөндеу жұмыстары «Әл-Фараби» ауданы әкімінің аппаратына қарасты коммуналдық мемлекеттік мекеме тарапынан атқарылып, балалардың ойын алаңы қалпына келтірілді.

Алдағы уақытта да аудан аумағындағы инфрақұрылымдық нысандарды жаңарту және күтіп ұстау, соның ішінде балалардың қауіпсіздігі мен жайлы демалысын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табатын болады.

Оған қоса Шымкент қаласында экологияны жақсарту және тұрғындар үшін қолайлы қоғамдық кеңістіктерді дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта қала әкімдігінің бастамасымен Қошқар-Ата өзенінің жағалауын бекіту және абаттандыру жобасы қолға алынды. Қазіргі таңда Жангелдин көшесінен Алпысбаев көшесіне дейінгі 3,5 шақырымдық аумақта жағалауды инженерлік тұрғыда бекіту, инфрақұрылымды дамыту және жасыл аймақтар құру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұл жобаның басты мақсаты – табиғи нысанды эрозиядан қорғау және қала тұрғындары үшін жайлы, қауіпсіз демалыс кеңістігін қалыптастыру.

Жоба аясында жаяу жүргіншілерге арналған жолдар төселіп, жарық шамдары, қоқыс жәшіктері мен орындықтар орнатылады. Сонымен қатар, аумақты көгалдандыру және санитариялық тазалықты сақтау бағытында да нақты шаралар қабылданған. Қала қызметтеріне өзен жағалауындағы жасыл желекті сақтау, қоқысты уақтылы жинау және шығару бойынша нақты тапсырмалар жүктелді.

Қошқар-Ата өзені – Шымкент қаласы үшін маңызды экологиялық және рекреациялық аймақ. Жағалауды абаттандыру жобасы бұл аумақты заманауи демалыс орнына айналдыруға бағытталған. Жаңа серуендеу аймағы тұрғындарға отбасылық демалыс, серуендеу мен белсенді тынығу үшін барлық жағдайды ұсынатын болады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You