Шымкент қаласында аумақтық қорғаныс бойынша оқу-жаттығу жиыны басталды

Шымкент қаласындағы №50120 әскери бөлімінде аумақтық қорғанысты ұйымдастыру бойынша арнайы оқу-жаттығу жиыны басталды. Шара алдағы уақытта «Ақтас» оқу-жаттығу алаңында өтпек.

Жиынға әскери бөлімнің жеке құрамы мен әскери міндеттілерден құралған 93 азамат қатысады. Олар он күн бойы әскери дайындықпен танысып, түрлі жаттығуларды меңгереді. Оқу-жаттығу кезінде азаматтардың негізгі жұмыс орнындағы еңбекақысы толық сақталады.

— Аумақтық қорғаныс жүйесі 2019 жылдан бері еліміздің барлық өңірінде кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Оның басты мақсаты – елдің ішкі қауіпсіздігін күшейту, төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет етуге дайын болу және азаматтардың мобилизациялық даярлығын арттыру. Сонымен қатар, мұндай жиындар халық арасында патриоттық сезімді нығайтып, елге деген жауапкершілікті арттырады, — дейді Шымкент қаласындағы №50120 әскери бөлім командирінің орынбасары Мақсат Оспанов.

Заңға сәйкес, аумақтық қорғаныс тек Қарулы күштердің ғана емес, құқық қорғау органдарының, жергілікті билік пен тұрғындардың бірлескен іс-қимылын қамтиды. Бұл жүйе төтенше жағдай туындағанда қауіптің алдын алып, халықты қорғауда уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді. Шымкентте басталған бұл оқу-жаттығу жиыны өңірдің қорғаныс әлеуетін арттырып қана қоймай, елдің ұлттық қауіпсіздігін нығайтуға да үлес қосатыны сөзсіз.

Еске салайық, аумақтық қорғаныс әскерлері 2017 жылғы 13 маусымда құрылған болатын. Олардың міндетіне халықты, объектілер мен коммуникацияларды қарсыластың түрлі әрекеттерінен, диверсиялық немесе террорлық актілерден қорғау кіреді. Барлық облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалаларда бейбіт уақытта қысқартылған құрамда ұсталатын және төтенше немесе соғыс жағдайы режимдерін енгізу кезінде жергілікті халық арасынан әскери міндеттілерді шақыру арқылы өрістетілуі мүмкін аумақтық әскерлер құрамалары жұмыс істейді.

Бастапқыда бұл бөлімшелер жергілікті атқарушы органдардың коммуналдық мемлекеттік мекемелері ретінде жұмыс істеген болатын.

2018 жылғы сәуірде әкімдіктердің жанындағы аумақтық қорғаныс құрамалары Қазақстан Республикасы Қарулы күштері аумақтық әскерлерінің әскери бөлімдері болып қайта құрылды. Сол жылғы мамыр айында өткен Жауынгерлік парадта Мемлекет басшысы облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдеріне құрамалардың жауынгерлік туларын табыс етті. Жылдың соңында, яғни желтоқсан айында әскери қауіпсіздік және қорғаныс мәселелері бойынша әкімнің көмекшісі лауазымы енгізілді. Оған әскери қызметте қажетті тәжірибесі бар Қарулы күштердің офицерлері тағайындалды.

Жергілікті атқарушы органдар жыл сайын аумақтық қорғаныс бөлімшелеріне тіркелген әскери міндеттілердің жиынын өткізіп тұрады. Аумақтық әскерлер мен жергілікті атқарушы органдар лауазымды адамдарының оқу-жаттығулары мен біліктілігін арттыру курстарын өткізу де бір жүйеге түскен.

Бүгінде Аумақтық қорғаныс әскерлері Қарулы күштердің ауқымы кең оқу-жаттығуларына тұрақты түрде қатысып, өздерінің міндеттерін сәтті орындап жүр.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You