Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында кең көлемді сенбілік ұйымдастырылды

Бүгін Шымкент қаласында экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қаланың санитарлық жағдайын жақсарту мақсатында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ауқымды сенбілік ұйымдастырылды.

Іс-шараға Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау және Тұран аудандарының әкімдіктері мен коммуналдық мекемелер, қоғамдық ұйымдар мен кәсіпкерлік субъектілері, еріктілер, аудан белсенділері мен қала тұрғындары қатысты.

Абай ауданы аумағында тазалық жұмыстары «Шымисти» шағынауданында жүргізілді. Әл-Фараби көшесі мен өзге де көшелерде жолдар мен аяқжолдар, ирригациялық жүйелер тазартылып, шөптер орылды, газон қырқылып, өзге де санитарлық жұмыстар атқарылды. Сенбілікке 400-ге жуық адам қатысып, 18 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 34 тонна қоқыс шығарылды.

Әл-Фараби ауданында қураған ағаштар мен бұтақтар кесіліп, шөптер орылды және аумақтар қоқыстан тазартылды. Тазалық жұмыстарына 414 адам қатысып, 14 арнайы техника пайдаланылды. Жалпы, 32 тонна қоқыс шығарылып, полигонға жеткізілді.

Еңбекші ауданында жол жиектері тазаланып, қураған ағаштар мен бұтақтар кесілді, шөптер шабылып, аулалар мен қоғамдық аумақтарда санитарлық жұмыстар жүргізілді. Сенбілікке 1000-нан астам адам қатысып, 31 техника жұмылдырылды, 75 тонна қоқыс шығарылды.

Қаратау ауданында өткен сенбілікке аудан әкімі Алмас Абаев қатысып, тұрғындарды бірлікке, ынтымаққа және өз ортасын таза ұстауға шақырды. Қоғамдық ұйымдар, кәсіпкерлер мен еріктілер бірлесе отырып, көшелер мен аулаларды қоқыстан тазартты. Жиналған қалдықтар арнайы полигондарға шығарылды.

Тұран ауданында тазалық жұмыстары бір мезетте бес аймақта өтті. Сенбілікке 20-дан астам арнайы техника мен жүздеген қала тұрғыны қатысты. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әділбек Сатыбалды тұрғындарға арнаған сөзінде қоршаған ортаны таза ұстау әрбір азаматтың мәдениеті мен жауапкершілігінің көрсеткіші екенін атап өтті.

— «Тазалық – мәдениеттіліктің, ұқыптылықтың белгісі. Қоршаған ортаға құрмет өз үйіміздің ауласынан басталады. Бүгінгі сенбілік – табиғатқа жанашырлық танытудың бір көрінісі», — деді ол.

Сонымен қатар бүгін “Таза Қазақстан” республикалық экологиялық акциясы шеңберінде Шымкент қаласы әкімдігінің Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұжымы да қаланы көгалдандыру және абаттандыру мақсатында сенбілікке шықты.

Іс-шара барысында қызмет мамандары бекітілген аумақты қоқыстан тазалап, жасыл желектердің айналасын ретке келтірді. Бұл акция қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыруға және тұрғындар арасында экологиялық жауапкершілікті арттыруға бағытталған.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің өкілдері мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатынын атап өтті. Олар табиғатты қорғау әр азаматтың ортақ міндеті екенін, ал сенбілік сияқты іс-шаралар қоғамның экологиялық санасын көтеруге оң ықпал ететінін жеткізді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You