
2025 жылғы 20 маусымда Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның отырысында жүктілікті жоспарлау және репродуктивті денсаулықты сақтау мәселелеріне арналған жаңа профилактикалық стратегия әзірлеу жөнінде шешім қабылданды. Бұл бастама жоспарланбаған жүктіліктің алдын алу, жастар арасында ерте жүктілік пен жыныстық жолмен берілетін инфекциялар бойынша ақпараттандыруды арттыруды көздейді.
Аталған шара аясында еліміздің барлық өңірінде медициналық мамандардың қатысуымен ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары ұйымдастырылуда. Соның бірі — Шымкент қаласында өтіп жатқан семинар-тренинг.
Шараға Шымкент қаласы мен Түркістан облысының медициналық мекемелерінен 35 координатор қатысуда. Үш күнге жоспарланған семинар-тренингтің басты мақсаты болашақ ата-аналарды жүктілікке алдын ала дайындау жұмысын күшейту, сондай-ақ осы бағыттағы практикалық тәжірибені жетілдіру болып табылады.
Семинар Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен өткізіліп отыр. Жиын барысында Комиссия мүшесі Галина Гребенникова репродуктивті денсаулықты сақтау ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
Сарапшылардың айтуынша, елімізде жыл сайын шамамен 400 мың жүктілік тіркелсе, оның үштен бірі жоспарланбаған. Әсіресе, оңтүстік өңірлерде жүктілікті заманауи әдістермен жоспарлау деңгейі республикалық орташа көрсеткіштен төмен – 36–38 пайыз шамасында. Осы орайда, аталған шаралар халықтың репродуктивті денсаулық туралы хабардарлығын арттыруға және салауатты ұрпақ тәрбиелеуге негіз қалайды.
Отбасы демекші, бұдан бөлек атап өтер тағы бір ақпарат, ҚР Ішкі істер министрлігінің нұсқауына сәйкес, Шымкент қаласы Полиция департаменті ЖПҚБ ОТЗЗҚКБ мен ведомствоаралық жұмыс тобының мүшелері мен агрессорларды қатыстыра отырып 3-тоқсан қорытындысы бойынша кезекті кеңес өткізілді. Бұл жұмыс тобының мақсаты отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы агрессорларға көмек беру, яғни оларды әлеуметтендіру болып табылады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
