
Шымкент қаласындағы «Әл-Фараби» кітапханасында Шымкент қаласы білім басқармасы жанындағы “Ардагерлер кеңесінің” ұйымдастыруымен «Жаңа оқу жылына – жаңа қарқынмен» тақырыбындағы «дөңгелек үстел» өтті. Жиынға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек пен ҚР Оқу-ағарту министрлігі жанындағы Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Қадырбек Бөрібеков, сондай-ақ білім басқармасы мен оған қарасты ұйымдардың басшылары, ардагер педагогтер қатысты.
Маңызды жиынға 20-ға жуық ардагер ұстаздар мен білім беру мекемелерінің басшылары қатысып, білім саласындағы өзекті мәселелер кеңінен сөз болды. Атап айтқанда, 2024–2025 оқу жылының қорытындысы мен оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру, жаңа оқу жылына дайындық барысы, колледждер мен кәсіптік оқу орындарындағы маман даярлау деңгейі және мемлекеттік тапсырыстардың орындалуы сынды маңызды тақырыптар талқыланды.
Сондай-ақ Шымкент қаласы білім басқармасы “Психологиялық қолдау” орталығының басшысы Жандәулет Айтуарұлы баяндама жасап, білім беру мекемелеріндегі психологиялық қызметтің жаңа оқу жылына арналған жоспарымен бөлісе отырып, 2025 жылы орын алған оқиғалардың жиі қайталанған себептері, қолдау шаралары және ҚР Үкіметінің 2023 жылғы 31 тамыздағы №748 қаулысымен бекітілген «Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және құқықтарын қамтамасыз ету» жөніндегі кешенді жоспардың орындалу барысы туралы баяндады.
Еске салайық, кешенді жоспарда тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсету, аймақтық психологиялық қолдау орталықтарын құру, педагог-психологтер мен әлеуметтік педагогтердің санын көбейту, педагог-психологтердің сыныппен қосымша жұмыс уақытын енгізу және жалпы олардың жұмысын цифрландыру бойынша шаралар қарастырылған. Мұнымен қатар ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты нығайту, мәдени тәрбие беру және балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық әлеуетін жүзеге асыру, балалар спортын дамыту және кәмелетке толмағандарды қосымша біліммен кеңінен қамту шаралары қабылданған.
Кешенді жоспарды іске асыру нәтижесінде кәмелетке толмағандар арасындағы және оларға қатысты құқық бұзушылықтар, сондай-ақ өзіне қол жұмсау фактілері мен әрекеттері айтарлықтай төмендейді деп күтілуде. Бұл ретте балаларды қорғау және олардың бос уақытын қамту деңгейі артады. Жоспарды іске асыру барысында республикада қосымша 1000 педагог-психолог пен 2000 әлеуметтік педагог даярланды. Сонымен қатар балалардың құқықтарын қорғау саласында жұмыс істейтін, біліктілігін арттыру шараларымен қамтылған педагогтердің үлесі жыл сайын 33%-ға артып отыр.
Жиын барысында қатысушылар білім жүйесін жетілдіруге бағытталған ұсыныстарын ортаға салып, педагогикалық тәжірибемен бөлісті. «Дөңгелек үстел» жаңа оқу жылына жүйелі дайындықты қамтамасыз етуге бағытталған тиімді алаңға айналды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.