
Шымкент қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы кәмелетке толмаған спортшылардың жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді жұмыстар атқаруда. Бұл шаралар қала әкімдігінен 2025 жылдың 17 шілдесінде жолданған тиісті тапсырмадан кейін қолға алынған. Бұл жөнінде бүгін Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Алдабергенов айтты.
22 шілдеде басқармаға қарасты 20 спорт ұйымына арнайы хат жолданып, балалардың жолда жүру мәдениетін арттыруға бағытталған бірқатар іс-шараларды ұйымдастыру тапсырылды. Соның ішінде жол ережелерін сақтау бойынша ақпараттық жаднамалар тарату, әлеуметтік желілерде бейнероликтер мен аудиороликтер жариялау, сондай-ақ спортшыларға түсіндіру жұмыстарын күшейту міндеттелді.
Нәтижесінде спорт мектептерінде Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі әзірлеген «Білім беру ұйымдарындағы балаларды тасымалдау жөніндегі алгоритм» негізінде оқыту және түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Спортшылар мен жаттықтырушыларға жол қауіпсіздігінің маңыздылығы түсіндіріліп, арнайы акциялар өткізілді.
Бұған қоса, Ләззат Тәжиева атындағы №4 олимпиада резервіндегі спорт мектебінің жасөспірім спортшыларына Бадам су қоймасындағы каноэ және ескек есу базасына бару кезінде жол қауіпсіздігі ережелері арнайы түсіндірілген. Бұл бағыттағы бейнеролик басқарманың ресми Instagram парақшасында жарияланған. Сондай-ақ Бауыржан Алдабергенов басқармаға қарасты спорт мектептерінде қалалық және республикалық жарыстарға кәмелетке толмағандарды тасымалдау қатаң бақылауда екенін жеткізді.
Сондай-ақ БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген Шымкент қаласының Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Асқар Тұрдалыұлының айтуынша, барлық мектептерге полиция қызметкерлері бөлінген. «Арнайы жасөспірімдер инспекторлары бар, ал жетпеген жағдайда учаскелік инспекторлар мен жедел уәкілдер жұмылдырылады. Әр мектепке жауапты қызметкер бекітіліп, жылы бойы күнделікті бақылау жүргізеді», дейді ол. Сондай-ақ департамент өкілінің сөзінше, балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары жыл сайын азайып келеді. Мәселен, 2022 жылы – 23, 2023 жылы – 18, былтыр және биыл жыл басынан бері 10 жол-көлік оқиғасы тіркелген.
Соның ішінде бір оқушыны жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқанда көлік қағып кеткен. Алайда бұл оқиға жаз мезгілінде, мектеп маңында емес, өзге аумақта болған. Қалған жағдайларда жасөспірімдер белгіленбеген жерден жолды кесіп өту кезінде зардап шеккен. Өкінішке қарай, биыл 8 оқушы жол-көлік апатынан көз жұмғаны белгілі болып отыр. Дегенмен, жалпы статистикаға көз жүгіртсек, оң өзгеріс барын жеткізген басқарма бастығы «Былтыр қала аумағында жол-көлік оқиғалары салдарынан 44 адам көз жұмса, биыл бұл көрсеткіш 32-ге дейін азайды. Бұл жұмыстар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан кешенді шаралардың нәтижесін көрсетеді», — деді ол.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
