
«Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен Шымкент қаласының 5 ауданында «Қауіпсіз қала» тақырыбында түнгі рейдтік іс-шара өтті.
Мақсаты – жастар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, құқық бұзушылықтың алдын алу және қоғамдық тәртіпті сақтау. Рейдке Полиция департаменті, аудан әкімдіктері, Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Күзенбаев, орталық басшысы Жансерік Жұман және орталық қызметкерлері қатысты.
Түнгі рейд барысында түнгі уақытта жасөспірімдердің заңды өкілдерінсіз жүруі, ойын-сауық орындарында қорқор мен зиянды заттарды пайдалануы сияқты заңбұзушылықтардың алдын алу мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар бүгін Шымкент қаласы Полиция департаменті Жеке құраммен жұмыс басқармасының қызметкерлері арасында “Жеке құраммен жұмыс ерекшеліктері” атты семинар өткізілді. Семинар мақсаты — жеке құраммен жұмыс сапасына айрықша көңіл бөліп, полиция қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыру, “Заң мен тәртіп” идеологиясын жүзеге асыру.
Іс-шараны Шымкент қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Мәулен Ахметов ашып берді. Семинарға кадр саласының қызметкерлері қатысты. Іс-шара соңында Департаментте кадр саласы бойынша қызмет атқарып жүрген 7 үздік қызметкер марапатталды.
Бұдан бөлек Шымкент қаласы прокуратурасында «Объектіде төтенше жағдай орын алған кездегі Мамандандырылған күзет қызметінің іс-қимыл алгоритмі» және «Ислам тарихындағы ағымдар: тарихи дамуы, заманауи көріністері және қоғамға ықпалы» тақырыбында кезекті құқықтық сабақ өтті. Шақырылған мамандар күн тәртібіндегі мәселеге байланысты дәріс оқыды.
Мұнан өзге Шымкентте «Таза Қазақстан» акциясы жалғасуда. Шымкент қалысы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы рейдтік іс-шара барысында қоғамдық орында шылым шеккен және қоқыс тастаған азаматтарға айыппұл салып, заң нормаларын түсіндірді.
Еске салайық, ӘҚБтК 441-бабы 2-бөлігі және 434-баптарына сәйкес, қоғамдық орында шылым шегу мен қоқыс тастау әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
