Шымкент қаласының әкімі қатысқан аппараттық мәжілісте өзекті мәселелер талқыланды

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте бірқатар өзекті мәселелер қаралды. Күн тәртібінде – күзгі жауын-шашын кезеңіне дайындық, Республика күнін мерекелеу аясындағы іс-шараларды ұйымдастыру және шағын және орта бизнесті қолдау шараларының жүзеге асырылуы.

Кеңес барысында қалалық басқарма басшылары өз бағыттары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен жоспарлардың орындалу барысы жөнінде есеп берді.

Қала әкімі инженерлік инфрақұрылым мен нөсер кәріз жүйелерін қысқа мерзімде дайын күйге келтіруді, сондай-ақ су бұру арналары мен дренаждық нысандардың жұмысын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

Сондай-ақ, Республика күніне арналған мерекелік іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастыру мәселесі талқыланды. Әкім абаттандыру, қоғамдық тәртіп және қауіпсіздік талаптарын сақтауға ерекше назар аударуды тапсырды.

Мерекелік бағдарлама 24 қазанда «Қызғалдақ» сарайында өтетін салтанатты жиынмен басталып, 25 қазанда «Астана» алаңындағы гала-концертпен жалғасады. Сонымен қатар, қаланың әр ауданында мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізу жоспарланған.

Кеңес барысында кәсіпкерлікті қолдау, инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы және шағын индустриялық аймақтардың құрылуы жөнінде де сөз қозғалды. Қала басшысы жауапты басқармаларға инвестиция тарту жұмыстарын жандандыруды, өндірістік инфрақұрылымды дамыту мен жоспарланған жобаларды уақытылы аяқтауды тапсырды.

Сонымен қатар бүгін Шымкенттің Орталық саябағында қалалық Қазақстан халқы Ассамблесы мен қалалық славян этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен «Ескі пластинка» концерті өтті.

Көпшіліктің көңілінен шыққан музыкалық іс-шараның мақсаты – қала тұрғындары мен қонақтарының назарына өткен шақтың хит әуендерін ұсыну арқылы олардың жадында достық, сыйластық, махаббат сынды құндылықтарды жаңғыртып, аға буынға қуаныш сыйлау және ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру.

Шымкент қаласы «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Нүркен Әлімқұлов концертке арнайы қатысып, ұлағатты ұстаздар қауымын кәсіби мерекелерімен құттықтады. Достық пен өзара сенім қалыптасқан қоғамда түсіністік пен сыйластық өз тұғырынан түспейтінін айрықша атап өтті. Жиналған жұртшылық алдында шымкенттіктердің сүйікті «Южный город» тобы, Людмила Наумова, Алексей Скибин, Нұрлан Жұбаниязов, Разия Гареева, Светлана Артёмова, София Карпец, Светлана Рашидова сынды бірқатар жергілікті өнер жұлдыздары өнерлерін көрсетті.

Еліміздің үшінші мегаполисі тұрғындары арасындағы биік абыройға ие «Фонограф» ретро-тобы болса, әнсүйер қауымға танымал музыкалық әуендерді нақышына келтіре орындап, саябаққа жиналған көпшілікті керемет әсерге бөлеп, ерекше көңіл-күй сыйлады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You