Шымкент қаласының әкімі Әлем және Азия чемпиондарымен кездесті

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Әлем және Азия чемпиондарымен кездесті. Мақтаныш пен шабытқа толы атмосфера аясында спортшылар алған әсерлерімен бөліссе, қала басшысы олардың тамаша жетістіктерінің бүкіл ел үшін маңызды  екеніне  тоқталды.

Айта кетейік, Ливерпульде өткен бокстан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы жеті алтын, бір күміс, екі қола медаль жеңіп алып, тарихи жетістікке жетті. Бұл рекорд қазақстандық спорттың шежіресіне енеді.

Ағайынды Сабырхандарға арнайы алғыстар айтылды. Махмұд тұғырдың ең биік сатысына екінші рет көтерілсе, небәрі 19 жастағы інісі Төрехан тұңғыш рет әлем чемпионы атанып, төл тарихта қалды.

Шымкент спортында өзге де жетістіктер жетерлік. Бангкок қаласында өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында Санжар-Әли Бегалиев алтын алса, тоғызқұмалақтан үш дүркін әлем чемпионы Ғалымжан Темірбаев Абайдың 180 жылдығына арналған турнирде және үш дүркін әлем чемпионы Жұмажан Қожамбеков әскерилер арасындағы қазақ күресінен чемпион атанып, шеберлік көрсетті.

«Ерік-жігер, тәртіп пен спортқа деген адалдық осындай нәтижелерге жетелейді. Спортшыларымыздың жетістіктері жастарды шабыттандырады және Қазақстанның әлемдік аренадағы беделін нығайтады», — деді қала әкімі.

Жеңімпаздарға демеушілер есебінен автокөліктер табысталды.

Жиын соңында қала басшысы чемпиондарды құттықтап, бапкерлері мен тәлімгерлеріне алғысын білдіріп, жаңа жетістіктер мен жарқын жеңістер тіледі.

Еске салайық, боксшы Махмұд Айдарханұлы 55 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді. Спортшы — Ұлттық құраманың мүшесі. 24 жастағы Махмұд Сабырхан екінші рет Әлем чемпионы атағына ие болып отыр. Ол 2021 жылы Белградта өткен әлем чемпионатында күміс, 2023 жылы Ташкентте алтын медаль алған болатын. Жылдамдығы мен айқын техникасы арқасында Махмұд қазір қазақстандық бокстың жаңа толқынындағы көшбасшылардың бірі саналады.

Төрехан Айдарханұлы — жастар арасында төрт дүркін Азия чемпионы атанған алғашқы қазақстандық. Budva қаласында өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында қарсыласын жеңіп, алтынға қол жеткізді. «Татош» лақап атымен танылған ол бокспен сегіз жасында шұғылдана бастады. Өз айтуынша, бала кезінде толықтау болып, спортпен мүлде байланысы болмаған. Бірақ алғашқы жаттығудан кейін оның бапкері Ілияс Оралбеков балада талант барын байқаған. 

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You