Шымкент қаласының әкімі өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жаңа арнайы техикаларды тапсырды

Бүгін шаһар басшысы Ғабит Сыздықбеков ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновпен бірге құтқару бөлімшелеріне жаңа арнайы техникаларды тапсыруға арналған салтанатты рәсімге қатысты. Бұл ретте техникалардың қала әкімдігінің қолдауымен сатып алынғанын атап өткен жөн.

Заманауи 40 техника бірлігі төтенше жағдайларға жедел ден қоюға жауапты қызметтердің материалдық базасын едәуір нығайтып, әрекет ету әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Тапсырылған техниканың қатарында автоцистерна, насостық-жеңді көлік, автосаты, автокран, жол талғамайтын техника, апаттық-құтқару көлігі және көбікті өрт сөндіру техникалары бар.

Мұнан бөлек іс-шара аясында қала әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама шеңберінде құтқарушыларға жаңа пәтер кілттері де табысталды.

«Мұндай қадам – тек инфрақұрылымға салынған инвестиция ғана емес, күн сайын азаматтардың өмірі мен денсаулығы үшін қызмет ететін жандарға деген құрмет пен қамқорлықтың көрінісі. Алдағы уақытта азаматтық қорғау жүйесін тек материалдық-техникалық тұрғыдан ғана емес, әлеуметтік қолдау жағынан да жан-жақты нығайтуды жалғастыра береміз» — деп атап өтті қала әкімі.

Инфрақұрылым демекші, орайы келгенде тағы бір атап өтер мәселе, Ғабит Сыздықбеков аралау барысында Сайрам көшесіндегі жаяу жүргіншілер жолының құрылыс барысымен танысты. Уәлиханов көшесінен Желтоқсан көшесіне дейінгі аралықты қамтитын учаскенің жалпы ұзындығы 2,8 шақырымды құрайды. Аталған аумақты абаттандыру аясында Ақназар хан көшесіне дейін жарықтандыру жүйесін орнату жоспарланған. Барлығы 310 бағана орнатылады. Шаһар басшысы аудан әкіміне және тиісті басқарма басшысына барлық жұмысты сапалы әрі мерзімінде аяқтауды тапсырды.

Ғабит Сыздықбеков әрі қарай Еңбекші ауданында орналасқан «Zammler» ЖШС-нің қойма кешенін аралап көрді. Логистикалық компания Қазақстан аумағында жүк тасымалымен және транзитпен айналысады. Қазіргі таңда кәсіпорын Шымкенттегі 20 мыңнан астам серіктеске қызмет көрсетіп, 130 адамды жұмыспен қамтып отыр. Кездесу барысында компания басшылығы қойма инфрақұрылымын кеңейту жоспары жайлы бөлісті. Қала әкімі де өз кезегінде салықтық міндеттемелерді адал орындаудың маңыздылығын атап өтті.

Қала әкімі сонымен қатар, «Абдулабад» тұрғын алабында орталық көшенің бір бөлігін асфальттау жұмысын тексерді. Бұл аумақта балалар және спорт алаңшаларының құрылысы қатар жүргізіліп жатыр. Айта кетейік, аталған жұмыстар көшпелі кездесуде айтылған өтініш негізінде қолға алынған. Шаһар басшысы аудан әкіміне құрылысты абаттандыру талаптарын сақтай отырып, толық аяқтауды қамтамасыз етуді тапсырды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You