Шымкент қаласының әкімі бірқатар инфрақұрылымдық жобалармен танысты

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков кезекті аралау барысында Назарбеков және Бөлешов көшелерінде салынып жатқан тез тұрғызылатын модульдік спорт нысандарының жобасымен танысты. Аталған жобаны «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры жүзеге асыруда. Жобаның негізгі мақсаты — қала тұрғындарына спорттық инфрақұрылымның қолжетімділігін арттырып, бұқаралық спортты дамытуға қолайлы жағдай жасау.

Сонымен қатар әкім Қаратау ауданында орналасқан Алтынсарин көшесі мен А-2 айналма жолының (VI кезең) қайта құру жұмыстарының барысын бақылап шықты. Жоба аясында Алтынсарин көшесін екі жолақтан төрт жолаққа дейін кеңейту көзделген. Бұл өзгеріс Бәйдібек би даңғылының көлік жүктемесін азайтып, шағынаудандар арасындағы көлік қатынасын едәуір жеңілдетуге мүмкіндік береді. Мердігер мекемеге құрылыс жұмыстарын сапалы әрі белгіленген мерзімде, қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып аяқтау тапсырылды.

Бұдан бөлек, қала басшысы «Қарасу» шағынауданында көпқабатты тұрғын үйлерді жылыту маусымына дайындау шараларын тексерді. Жауапты мекемелерге барлық қажетті дайындық жұмыстарын уақытылы аяқтап, жылыту маусымының дер кезінде басталуын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Сонымен бірге Шымкент қаласының әкімі «Химфарм» ЖШС-нің бас директоры Адам Алексеюкпен кездесті. Кездесу барысында Шымкенттегі фармацевтикалық зауыттың қазіргі жағдайы мен даму перспективалары қаралды.

Тараптар зауыттың өндірістік қуатын жаңғырту, заманауи технологиялық шешімдерді енгізу және отандық дәрі-дәрмек өндірісін арттыру мәселелерін кеңінен талқылады.

Сонымен қатар, дәрі-дәрмек бағасын реттеу, бағаның өсуін тежеу және тұрғындарды қолжетімді әрі сапалы отандық препараттармен қамтамасыз ету бағытында қабылданып жатқан шараларға да ерекше назар аударылды.

Кездесу барысында қала әкімі мемлекет пен бизнестің өзара тиімді әрі тұрақты әріптестігі фармацевтика саласын дамытуда аса маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Бұл ішкі нарықты нығайтып қана қоймай, қазақстандық өндірушілердің экспорттық әлеуетін арттыруға да септігін тигізетіні айтылды.

Шымкент қаласы әкімдігі салада қолға алынатын бастамаларға қолдау көрсетуге және отандық фармацевтикалық өнімдердің қолжетімділігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды одан әрі жалғастыруға дайын екенін білдірді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You