Шымкент қаласының әкімі «Даму» қорының өкілдерімен өзара шағын және орта бизнесті қолдау мәселелерін талқылады

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрағасы Фархат Сәрсекеевпен кездесу өткізді.

Кездесу барысында шағын және орта бизнесті (ШОБ) қолдаудың негізгі бағыттары, сондай-ақ кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік және өңірлік бағдарламаларды іске асыру тетіктері жан-жақты талқыланды. Әкімдік тарапынан шағын және орта бизнес өкілдерінің қаржыландыру көздеріне қолжетімділігін арттыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, жеңілдетілген несие беру, несиеге кепілдік ұсыну және пайыздық мөлшерлемені субсидиялау құралдарын тиімді пайдалану қажеттігі атап өтілді.

Сонымен қатар, кәсіпкерлердің кәсіби әлеуетін арттыруға бағытталған оқыту бағдарламаларын кеңейту, консультациялық қолдау көрсету және семинарлар ұйымдастыру мүмкіндіктері қарастырылды. Бұл бастамалар қаланың экономикалық дамуына серпін беріп, кәсіпкерлік белсенділікті күшейтеді деп күтіліп отыр.

Кездесу қорытындысы бойынша қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасына қолданыстағы қолдау құралдары мен жаңа мүмкіндіктер туралы кәсіпкерлер арасында кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Бұдан бөлек бүгін Халықаралық қарттар күніне орай Шымкент қаласының әкімі қаладағы еңбек ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің отбасында болып, ізгі тілегін білдірді. Қала басшысы Жүзбай Қырғызбаев пен Әлімқұл Байбулековтың шаңырағына арнайы барып, құрметті қарттарға естелік сыйлықтар табыс етті. Сонымен қатар, ардагерлерге зор денсаулық, отбасы амандығы мен белсенді ұзақ ғұмыр тіледі.

Аталған мерекеге орай ұйымдастырылған салтанатты іс-шараға қатысқан қала әкімі ардагерлер мен зейнеткерлерге қоғамды дамыту жолында сіңірген еңбектері үшін алғысын білдіріп, ерекше көзге түскен азаматтарға төсбелгілер мен арнайы сыйлықтар тапсырды.

«Бұл күн – аға буын өкілдеріне деген ерекше құрмет пен алғысымызды білдіретін маңызды сәт. Қарттарымыздың өмірлік тәжірибесі мен қажырлы еңбегі – кейінгі ұрпаққа үлгі. Даналық пен парасаттың иесі болған ардагерлеріміз – халқымыздың рухани байлығы», – делінген қала әкімінің құттықтауында.

Шымкент қаласы әкімдігі ардагерлерге ұзақ ғұмыр, амандық пен жан тыныштығын тілей отырып, олардың өмірі әрдайым отбасылық жылулық пен қоғамның қамқорлығына толы болуына ниеттестік білдіреді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You