
Өздеріңізге белгілі, Шымкентте Көксай шағынауданын жаңғырту тұжырымдамасын жүзеге асыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Тұжырымдама аясында тек реновация бағдарламасы арқылы тұрғындарды көшіру ғана емес, сонымен қатар аумақты кешенді абаттандыру да жоспарланған.
Қаланың дамуына бейжай қарамайтын тұрғындар әлеуметтік желіде және жеке кездесу барысында бұл шағынауданның тағдыры туралы Ғабит Сыздықбековке жиі сұрақ қояды. Осы орайда тұжырымдаманы жүзеге асыру кезең-кезеңімен жүргізіліп жатқанын айтқымыз келеді.
Тұжырымдама аясында 66 отбасы тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік алды. Тұрғындар тозығы жеткен үйлерден бөлме саны бірдей, әрленген жаңа қонысқа көшірілуде.
Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Қазақстан Республикасының Конституциясы күні қарсаңында Нұрлыбаев көшесі №3 үйде апатты жағдайда тұрған сегіз отбасыға жаңа пәтерлердің кілтін табыстады. Бұл – тұрғындар үшін көптен күткен сәт әрі өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Барлық пәтерлер таза әрлеумен берілді. Бөлме саны бұрынғы баспаналарына сәйкестендірілген және толық қоныстануға дайын.
Шаһар басшысы тұрғындарды қуанышымен құттықтап, аталған бағдарламаның мегаполисті дамытуда, халықтың өмір сапасын арттыруда маңызы зор екенін атап өтті.
«Жоба іске қосылған сәттен бері 66 отбасы жаңа үйіне қоныс аударды. Бұл — қабылданған шаралардың нақты нәтиже беріп, қала тұрғындарының өміріне оң әсер етіп жатқанын айқын көрсетеді. Жаңа қоныс иелеріне береке, жылулық пен жайлылық тілеймін. Мұндай өзгерістер қаланың тұрақты дамуы мен әлеуметтік инфрақұрылымын нығайтуда маңызды рөл атқаратынына сенімдімін» — деді Ғабит Сыздықбеков.
Жобада көпқабатты тұрғын үйлермен қатар өзге де әлеуметтік маңызы бар нысандарды кезең-кезеңімен салу жоспарланған. Сонымен қатар аталған елдімекенді кешенді түрде абаттандыру қарастырылған.
Мұнан өзге бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков сумен жабдықтау жүйесі іске қосылған Текесу тұрғын алабын аралады. Мегаполис басшысы жергілікті тұрғындарды маңызды оқиғамен құттықтап, жобаның маңыздылығын атап өтті.
Бұл бағыттағы жұмыстар әкімнің тапсырмасы бойынша жүзеге асырылды. Халықпен кездесулердің бірінде жергілікті тұрғындар ауыз суға тұрақты қол жетімділіктің жоқтығына назар аударған болатын.
Жоба 130 абонентті сапалы ауыз сумен қамтуға бағытталып, 14 шақырым су құбыры жүргізілді. Жұмыстар демеушілер қаражаты есебінен жүргізілді. Бұл мемлекет, бизнес пен жергілікті қоғам арасындағы тиімді әріптестіктің нәтижесі екені анық.
Қала әкімі демеушілер мен мердігер ұйымдарға көрсеткен әлеуметтік жауапкершіліктері үшін алғысын білдірді. Бірлескен жұмыстар нәтижесінде жергілікті халық санитарлық талапқа сай таза, үздіксіз ауыз суға қол жеткізді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
