Шымкент қаласының әкімі көлік инфрақұрылымын дамыту және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру бағытындағы жұмыстармен танысты

Өздеріңізге белгілі, Шымкентте көлік инфрақұрылымын дамыту және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру бағытындағы жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Олардың қатарында Изенді көшесін Юсупов көшесінен Төлеметов көшесіне дейін ұзарту жобасы бар. Жолдың жалпы ұзындығы 1,9 шақырымды құрайды.

Ғабит Сыздықбеков бүгін шаһарды аралау кезінде осы учаскеде автокөлік қозғалысы ресми түрде ашылды. Жобаның мақсаты – Бәйдібек би даңғылы, Төлеметов көшесі мен А-2 айналма жолындағы көлік жүктемесін азайту.

Сонымен қатар, бірнеше маңызды көшеге күрделі жөндеу жүргізіліп, заманауи талаптарға сәйкестендірілді. Атап айтқанда, Шұбаркөл көшесі (Бауыржан Момышұлы көшесінен Өтегенов көшесіне дейін), Юсупов көшесі (А-2 автожолынан Шұбаркөл көшесіне дейін), сондай-ақ Жаңақоныс көшесі (Өтегенов көшесінен Жаңақоныс көшесіне дейін) жөнделді. Соңғы учаскеде Қошқарата өзені үстінен ұзындығы 15 метрлік жаңа көпір салынды.

Жөндеу жұмыстары барысында жолдың қозғалыс бөлігі кеңейтіліп, жаяу жүргіншілер жолы салынды. Көше жарығы орнатылып, суағар мен кіреберіс және шығаберіс жолдар жасалды. Барлық қажетті жол белгілері мен бағдаршамдар орнатылып, толық жол таңбалары сызылды. Нәтижесінде жүргізушілерге параллель көшелермен қозғалу мүмкіндігі туып, қаланың орталық магистральдарындағы жүктеме азайды.

Қала әкімі осы ретте: «Атқарылған жұмысты сапалы әрі уақытылы орындағаны үшін мердігер ұйымға алғысымды білдіремін. Жүзеге асқан жобалар қаладағы көлік қатынасын жақсартуға және тұрғындардың жайлылығын арттыруға айтарлықтай үлес қосатынына сенімдімін», — деп атап өтті.

Бұдан бөлек Шымкент қаласында жол-көлік инфрақұрылымын жаңғырту аясында Момынов көшесінде теміржол үстінен жаңа автокөлік өткелі салынып жатыр. Бұл жоба қаладағы қозғалысты жеңілдетіп қана қоймай, кептелістерді азайтып, жол қауіпсіздігін арттырмақ. Жоба аясында төрт жолақты өткелде жаяу жүргіншілерге арналған жол және бағдаршамдар орнатылады. Құрылыс 2024 жылғы қарашада басталды, қазіргі таңда нысанның 50 пайызы дайын. Мердігер ұйымның мәліметінше, жұмыс жоспарға сәйкес жүріп жатыр.

Сонымен қатар Тіленшин көшесінде осыған ұқсас жол өткел салынып жатыр, оның дайындығы – 20 пайыз. Екі нысан да 2026 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі. Аталған жобалар қаланың шығыс бөлігін орталықпен байланыстырып, көлік ағынын қайта бөлуге және негізгі магистральдердің жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.

P.S. Шымкентте жол желісін жаңарту қарқынды жүріп жатыр: 2024 жылдың қорытындысы бойынша жолдардың 75 пайызы жақсы немесе қанағаттанарлық күйде болса, биыл бұл көрсеткішті 90 пайызға жеткізу жоспарлануда. 2026 жылға қарай жалпы ұзындығы 1000 шақырымнан асатын 850 көшеге толық асфальт төселеді. Оның 540 шақырымы биыл жүзеге асуға тиіс. 2025 жылы қалада 32 жаңа бағдаршам орнатылып, жол белгілері жаңартылады және реттелмейтін өткелдердің басым бөлігі жарықтандырылады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You