Шымкент қаласының әкімі мектептер мен жолдардың құрылысын тексеріп қайтты

Шаһар басшысы Ғабит Сыздықбеков бүгін қаланы аралау барысында алдымен Қаратау ауданындағы «Таскен» шағынауданында 1500 орындық жаңа заманауи мектеп құрылысының аяқталу барысымен танысты. Заманауи білім ошағы жаңа оқу жылында ашылады.

Құрылыс сапасына және оқушылар мен мұғалімдер үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінді. Шаһар басшысы мердігер ұйымға мектеп аумағын кешенді абаттандыруды аяқтап, айтылған ескертулерді жоюды тапсырды.

Ғабит Сыздықбеков сондай-ақ Тұран ауданында орналасқан Жамбыл атындағы №26 мектеп-гимназиясы мен №75 мектеп-гимназиясындағы күрделі жөндеу жұмыстарының барысын қарап шықты. Барлық жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Қала әкімі құрылыс басқармасына жөндеуді жаңа оқу жылы басталғанға дейін толық аяқтауды тапсырды.

Бұдан бөлек Ғабит Сыздықбеков Абай ауданындағы 50 орындық №12 «Балауса» арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының құрылысын тексерді. Бұл мекеме I және II топтағы психоневрологиялық аурулары бар мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жартылай стационарлық негізде арнайы әлеуметтік қызмет көрсетеді. Қала басшысы мердігер ұйымға іргелес аумақты аз қозғалысты тұрғындардың қажеттіліктеріне бейімдеп абаттандыру, көгалдандыру және автоматтандырылған суару жүйесін орнату қажеттігін ескертті.

Сондай-ақ шаһар басшысы Изенді көшесін Шұбаркөл көшесінен Төлеметов көшесіне дейін ұзарту және Қазиев көшесінің Арғынбековтен Төлеметов көшесіне дейінгі аралығында құрылыс жұмысын жалғастыру барысын тексерді. Изенді көшесі арқылы көлік қозғалысын жақын арада ашу жоспарланып отыр. Ғабит Сыздықбеков Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына барлық жұмысты сапалы әрі мерзімінде аяқтауды тапсырды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You