![]()
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков «Shenyang Hongda Iron and Steel Co., Ltd» компаниясының өкілдерімен кездесіп, мегаполисте заманауи металлургия кәсіпорнын салу және іске қосу жоспарын талқылады.
Кездесу барысында инвесторлар арматура, сым шыбық, болат шарлар мен тар жолақты болат өндіретін өндіріс орнын салу жобасын таныстырды. Кәсіпорында заманауи технологиялар, соның ішінде қуатты электр доғалы пештерді қолдану көзделіп отыр. Бұл өндіріс үдерісін жаңғыртып, металл өнімдерінің кең ассортиментін шығаруға мүмкіндік береді.
Жобаның алғашқы кезеңіне шамамен 50 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция тарту жоспарланған. Құрылыс пен өндірісті іске қосуға 1,5–2 жыл қажет болады деп күтілуде. Кәсіпорын толық қуатына шыққан кезде жылына 1 миллион тоннаға дейін металл өнімін өндіре алады. Сонымен қатар өндіріс орнында 500-ге жуық тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.
Кездесу барысында зауытқа қолайлы орын таңдау, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және жобаны жүзеге асырудың келесі кезеңдері талқыланды. Өндірістің тұрақты жұмыс істеуіне қажетті жағдай жасау мәселелеріне де назар аударылды.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков компания өкілдеріне қалаға инвестиция салуға қызығушылық танытқаны үшін алғыс білдіріп, жобаны әзірлеу және іске асыру барысында туындайтын мәселелерді шешуге қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Жаңа металлургия зауытының салынуы Шымкенттің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, өндіріс саласын әртараптандыруға серпін бермек. Сонымен бірге, жобаның жүзеге асуы жаңа жұмыс орындарын ашуға, инвестициялық тартымдылықты күшейтуге және отандық нарықты металл өнімдерімен қамтамасыз ету мүмкіндігін кеңейтуге ықпал етеді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
