Шымкент қаласының әкімі шаһар аумағындағы инфрақұрылым жұмыстарымен танысып, «Оңтүстік» футбол клуб-академиясын чемпиондық жеңісімен құттықтады

Енді рет-ретімен тоқталсақ. Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Тұран ауданындағы «Авто-Нұр» базарының айналасын абаттандыру және ретке келтіру жұмыстарының барысымен танысты. Сонымен қатар, Гагарин көшесінде салынып жатқан қоғамдық кеңістік құрылысы да бақылауға алынды. Аумағы 7 000 шаршы метрді құрайтын жаңа демалыс аймағы қала тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізуіне арналған заманауи орын болмақ. Жауапты мамандарға субұрқақ орнатып, нысанды тиісті деңгейде күтіп ұстау тапсырылды.

Бұдан бөлек, қала әкімі «Қарасу» тұрғын алабындағы өзен үстінен өтетін көпірдің жағдайын қарады. 1965 жылы салынған бұл құрылыс әбден ескіргендіктен, қазіргі қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейді. Көшпелі кездесу барысында жергілікті тұрғындар жаңа көпір салу мәселесін көтерді. Осыған байланысты әкім жауапты басқармаларға заманауи әрі сенімді көпір тұрғызу міндетін жүктеді.

Сондай-ақ, Шымкент қаласының әкімі Еңбекші ауданының «Бадам» шағынауданында демеушілер есебінен бой көтеріп жатқан ангар үлгісіндегі спорт кешенінің құрылысын тексерді. Құрылыс қарқынын жеделдету, сапаны қатаң қадағалау, кешенді заманауи спорт жабдықтарымен толық қамтамасыз ету және оның айналасында қолайлы инфрақұрылым қалыптастыру қажеттігі атап өтілді.

Сонымен қатар бүгін Шымкент қаласындағы «БИІК» спорт кешенінің «Намыс» стадионында QJ League Лига В футбол чемпионатының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Іс-шараға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы қатысып, чемпион атанған команданы құттықтады.

Шымкент қаласының әкімі өз сөзінде жастар арасында спортты дамыту қаланың басым бағыттарының бірі екенін атап өтіп, қалада жас спортшылардың кәсіби шыңдалуы үшін барлық жағдай жасалып жатқанын жеткізді.

– Спорт – бұл командалық рухты қалыптастырып, мінезді тәрбиелейтін, сонымен қатар жаңа жетістіктерге жол ашатын маңызды сала. Бүгінгі жеңіс – төзімділік пен табанды еңбектің, ұжымдық бірліктің нақты нәтижесі. «Оңтүстік» футбол клуб-академиясы қатарынан екінші жыл чемпион атанып, жоғары деңгейдегі дайындық пен тұрақтылықты көрсетті. Бұл – бүкіл команда мен бапкерлер құрамының ерен еңбегінің жемісі, – деді Ғабит Сыздықбеков.

«Оңтүстік» футбол клуб-академиясы QJ League Лига В чемпионатына үшінші маусым қатарынан қатысып келеді. Алғашқы жылы бесінші орын алған команда соңғы екі маусымда қатарынан чемпион атанып, айтарлықтай ілгерілеуге қол жеткізді. Бұл – мақсатқа деген ұмтылыстың, еңбекқорлықтың және бірлескен жұмыстың нақты көрсеткіші.

Әкім өз сөзінде бұл жетістік өскелең ұрпаққа шабыт беріп, жастарды спортқа ынталандыруда үлкен рөл атқаратынына сенім білдіріп, барша қатысушыларға алғысын білдірді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You