
Ғабит Сыздықбеков қаланы аралау барысында Абай ауданына қарасты «Бозарық» шағынауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысымен және аумақты абаттандыру барысымен танысты. Қазірше тоғыз қабатты 16 үйдің бесеуі пайдалануға берілген.
Қалған жеті үйдің құрылысын жыл соңына дейін кезең-кезеңімен аяқтау жоспарланған екен. Ал соңғы төрт үй келесі жылы тапсырылады деп межеленіп отыр. Шаһар басшысы мердігер ұйым өкілдеріне құрылыс қарқынын күшейтіп, аумақты көгалдандыруды және жасыл желектерді суару үшін автоматты жүйе орнатуды тапсырды.
Сонымен қатар бүгін «Нұршуақ» шағынауданында сағатына 2000 текше метр су өткізуге қабілетті кәріз коллекторы пайдалануға берілді. Әлеуметтік маңызы зор бұл ауқымды жоба қаланың солтүстік-батыс бөлігін, оның ішінде «Тұран» мен «Шымсити», «Бозарық» пен «Асар», «Асар-2» мен «Ақжайық», сондай-ақ «Достық» шағынаудандарын тұрақты кәріз жүйесімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек Ғабит Сыздықбеков Тұран және Әл-Фараби аудандарында дарынды балаларға арналған №1 IT-лицей-интернаты мен Өмірбек Жолдасбеков атындағы №9 IT-лицей ғимараттарында жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарын қарап шықты. Құрылыс басқармасына жұмыс сапасы мен мерзіміне бақылауды күшейту, ал мердігер мекемелерге жаңа оқу жылы басталғанға дейін жөндеу жұмыстарын толық аяқтау тапсырылды.
Ал кеше қала әкімі Шымкентте ауқымды инвестициялық жоба жүзеге асыруға қызығушылық танытып отырған «Tianjin Youfa Steel Pipe Group Co. Ltd.» компаниясының өкілдерімен кездесті.
Инвесторлар қалада әртүрлі диаметрдегі түзу жіксіз болат құбырларын шығаратын зауыт салуды жоспарлап отыр. Жоба аясында жылына 200 мың тонна өнім өндіру көзделіп отыр. Шамамен 170 жаңа жұмыс орны ашылады.
Компания бүгінде 290 өндірістік желіге ие және жылына шамамен 300 мың тонна өнімді Еуропа, Оңтүстік және Солтүстік Америка, Таяу Шығыс, Азия мен Африка елдерін қоса алғанда, 100-ден астам елге экспорттайды.
Ғабит Сыздықбеков кездесу барысында инвестициялық жобаны жүзеге асыруда қолдау көрсетуге және шетелдік серіктестерге жан-жақты көмектесуге дайын екенін жеткізді. Мұндай бастамалар қаланың индустриялық дамуына, жаңа технологияларды енгізуге және қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берері анық.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
