![]()
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Эквадордың Гуаякиль қаласында өткен Кадеттер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан намысын абыроймен қорғаған шымкенттік жас дзюдошылармен кездесті.
Әлем біріншілігіне 59 елден 457 спортшы қатысып, татамиде өз шеберліктерін ортаға салды. Байрақты бәсекеде Шымкент қаласының жас дзюдошылары жоғары нәтиже көрсетіп, ел қоржынына екі медаль салды.
Атап айтқанда, Әдия Жанахмет 40 келіге дейінгі салмақта күміс жүлдеге ие болды. Бұл – жас спортшының әлем чемпионатындағы алғашқы жүлдесі. Ал Тоғжан Төлебай Қазақстан ұлттық құрамасының сапында аралас командалық жарыста топ жарып, әлем чемпионы атанды. Шешуші финалдық кездесуде Қазақстан құрамасы Бразилия командасын 4:3 есебімен жеңіп, тарихи алтын медальға қол жеткізді.
Кездесу барысында қала әкімі жас спортшыларды халықаралық додадағы толайым табыстарымен құттықтап, олардың бапкерлеріне кәсіби еңбегі мен шәкірттерін жоғары деңгейдегі жарыстарға дайындауға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. Сонымен қатар Әдия Жанахмет пен Тоғжан Төлебайға естелік сыйлықтар табысталды.
Ғабит Сыздықбеков спорттағы әрбір жетістіктің артында ұзақ жылғы дайындық, қатаң тәртіп, тынымсыз еңбек пен бапкерлердің қажырлы еңбегі тұрғанын атап өтті. Қала басшысының айтуынша, жас спортшылардың халықаралық аренадағы жеңістері өскелең ұрпаққа үлгі болып, табандылық танытып, алға қойған мақсатқа ұмтылудың маңызын айқын көрсетеді.
Қала әкімі алдағы уақытта да талантты спортшыларды қолдау, балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту және бұқаралық спортпен айналысуға қажетті жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатынын жеткізді.
Шымкенттік жас дзюдошылардың әлемдік додада жеңіс тұғырынан көрінуі қала спортының әлеуетін тағы бір мәрте айқындап, жас буын арасында дзюдоның кеңінен дамуына жаңа серпін беретіні сөзсіз.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
