Шымкент қаласының Патрульдік полиция полкі оқушыларға жол қауіпсіздігі брошюраларын таратты

Шымкент қаласында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы қарқынды түрде жалғасуда. Аталған іс-шара аясында Патрульдік полиция полкі қызметкерлері қала мектептерінде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, оқушыларға жол қозғалысы ережелерінің маңызын түсіндірді.

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында арнайы дайындалған брошюралар таратылып, онда жаяу жүргіншілер үшін қарапайым әрі маңызды ережелер көрнекі суреттермен берілді. Брошюралар арқылы оқушылар бағдаршамның сигналдарын дұрыс пайдалану, жаяу жүргінші өткелінен өту, жолда ойнамау және қоғамдық көлікте тәртіп сақтау жөнінде нақты мәлімет алды.

Полицейлердің айтуынша, мұндай шаралар балалардың ой-санасында жолдағы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Сонымен қатар, жас ұрпаққа ерте жастан жол қозғалысы ережелерін үйрету – болашақтағы тәртіпті әрі жауапты жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді тәрбиелеудің бірден-бір жолы.

Шымкент қаласының Патрульдік полиция полкі алдағы уақытта да мектептер мен балабақшаларда осындай түсіндіру іс-шараларын жалғастырып, балалардың жолдағы амандығын басты назарда ұстайтын болады.

Бұдан бөлек Шымкент қаласы Патрульдік полиция полкі қызметкерлері мен Қаратау ауданы прокуратурасының өкілдері бірлесіп, «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында кешкі саптық жиын өткізді.

Жиын барысында жеке құрамға жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Сонымен қатар, жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында қызмет атқару кезінде азаматтарға барынша түсіністікпен қарау, әрбір құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған қадамдар жасау қажеттігі ерекше атап өтілді.

Кешкі саптық жиында патрульдік полиция қызметкерлеріне заң талаптарын сақтай отырып, халықпен тығыз байланыста жұмыс істеу және жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты міндет екені баса айтылды.

Шымкент қаласы Патрульдік полиция полкінің рота командирі, полиция капитаны Альсейтов Бауыржан кешкі саптық жиында жеке құрамға «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында нақты тапсырмалар берді.

Жиын барысында рота командирі жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту, құқық бұзушылықтарға дер кезінде тосқауыл қою мәселелеріне тоқталды. Сондай-ақ, әрбір патрульдік полицейдің басты міндеті – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қызметтік тәртіп пен заңдылықты қатаң сақтау екені ерекше атап өтілді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You