Шымкент қаласының полицейлері бірнеше құқықбұзушылықты анықтады

Шымкент қаласының Патрульдік полиция полкі қызметкерлері қызмет атқару барысында бірнеше құқықбұзушылықты анықтады.

Қызмет атқару кезінде қалааралық бағытта жолаушылар тасымалдайтын автобустар тексеріліп, тасымалдау қағидаларын бұзу деректері тіркелді. Атап айтқанда, кейбір жүргізушілердің көлік құралдарын техникалық талаптарға сай пайдаланбауы анықталды. Анықталған құқықбұзушылықтар бойынша жүргізушілерге қатысты әкімшілік шаралар қабылданды.

Патрульдік полиция қызметкерлері жол қозғалысы және жолаушылар тасымалы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. «Тәртіп пен қауіпсіздік — әр азаматтың ортақ жауапкершілігі», — дейді олар.

Тәртіп сақшыларының тыныс-тіршілігінен бірер ақпаратты да назарларыңызға ұсынсақ. Естеріңізде болса, Қазақстан Республикасында дәстүрлі түрде қазан айының алғашқы жексенбісінде Ұстаздар күні атап өтіледі. Осыған орай Еңбекші аудандық полиция басқармасында мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.

Іс-шараға аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі А. Садықов қатысып, білім беру саласының өкілдерін төл мерекелерімен құттықтады. Ол өз сөзінде ұстаздардың қоғамдағы айрықша рөлі мен жас ұрпақты тәрбиелеудегі еңбегін жоғары бағалап, барша мұғалімдерге зор денсаулық, отбасылық амандық және шығармашылық табыс тіледі.

Мерекелік шара барысында Еңбекші ауданында орналасқан «Жаңа дәуір» мектебінің директоры Рахия Аптарбекқызы Есенова мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нұрасыл Әдімүтәліпұлы Икрамға гүл шоқтары мен естелік сыйлықтар табысталды.

Бұл шараның мақсаты – қоғамның рухани дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген ұстаздарға құрмет көрсету және олардың еңбегін бағалау.

Сондай-ақ бүгін Шымкент қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ұлықбек Тұрғынұлы Мылтықов Абай аудандық полиция басқармасының жеке құрамына саптық жиын өткізіп, кезекті арнайы шеңін алған қызметкерлерге арнайы шеңін табыстап марапаттады.

Саптық жиын демекші, Шымкент қаласы прокуратурасының ұжымы «Ақтас» оқу-жаттығу полигонында 6506 әскери бөлімінің мамандарымен бірлесе атыс қаруды қолдану бағытында әскери дайындықты өткізді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You