Шымкент қаласының прокуратурасы «Zoom» платформасы арқылы барлық мектептің ата-аналарымен байланысты

Шымкент қаласының прокуратурасы «Zoom» платформасы арқылы қаладағы 162 мемлекеттік және 135 жеке мектептің ата-аналар комитеті төрағаларының қатысуымен кеңеске қатысты.

Іс-шараға 5 мыңнан астам ата-ана қатысып, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мәселелері талқыланып, ата-аналарға тиісті түсіндірмелер берілді.
Қала прокуратурасы ата-аналарды балаларымен тығыз қарым-қатынас орнатып, олардың мінез-құлқы мен бос уақытын жүйелі түрде бақылап отыруға шақырады.

«Құқық бұзушылықтардың алдын алу — тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.
Сондықтан, әрбір ата-ана өз баласының тәрбиесіне жауапкершілікпен қарап, мектеп пен құқық қорғау органдарымен тығыз байланыста болып, біріге әрекет етуі аса маңызды. Балаларымыздың қауіпсіз, салауатты және жарқын болашағы — біздің бірлескен қамқорлығымызда», — дейді прокурорлар.

Ал Еңбекші ауданының прокуратурасы қылмыстың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында аудан аумағында (Цемент зауыты, Чапаев, Ворошилов, Көксай шағынаудандары) кезекті рейдтік іс-шара өткізді. Іс-шара барысында аталған аумақтарды толық аралау жұмыстары жүргізіліп, жергілікті тұрғындармен кездесіп, олардың проблемалық мәселелерін тыңдап, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Сондай-ақ, көшелер мен аулалар тексеріліп, қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша ескерту жұмыстары атқарылды.
Азаматтарға құқықтық көмек көрсету, учаскелік полиция инспекторларының жұмысын таныстыру және қылмыстың алдын алу бойынша кеңестер беру бұл шараның басты бағыттарының бірі болды.

Сонымен қатар рейд барысында ӘҚБтК-нің 440-1 бабы 1-бөлігімен 2 хаттама толтырылып, сотқа жолданды және ҚК-нің 296-бабы 2-бөлігімен 2 қылмыстық теріс қылық тіркеліп, тергеп-тексеу жұмыстары жүргізілуде.

Еңбекші ауданының прокуратурасы осы бағыттағы профилактикалық жұмыстардың алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатынын хабарлайды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You