Шымкент қаласының тәртіп сақшылары рейдтік іс-шара жүргізіп, студенттермен кездесу өткізді

Шымкент қаласы Патрульдік полиция полкі қызметкерлері мен Абай аудандық полиция басқармасының қызметкерлері Қайнарбұлақ саяжай алабы аумағында рейдтік іс-шара жүргізді.

Рейд барысында бірнеше құқықбұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда, жүргізуші куәлігінсіз көлік құралын басқару және көлік басқару құқығынан айырылған азаматтың автокөлікті қайтадан тізгіндегені белгілі болды. Бұдан бөлек, жол қозғалысы ережесін бұзудың өзге де деректері тіркеліп, құқыққа қайшы әрекеттерге қатысты заңда көзделген шаралар қабылданды.

Патрульдік полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтаудың маңыздылығын ескертеді. Әрбір жүргізуші мен жол қозғалысына қатысушының басты міндеті – қауіпсіздікті қамтамасыз ету.

Мұнан өзге Шымкент қаласының Патрульдік полиция полкі Түркістан тас жолы бойындағы «Темірші әулие» аялдамасы маңында көлік құралын мас күйінде басқарған жүргізушіні анықтады. Тексеру барысында аталған азаматтың бұған дейін де мас күйінде рөлге отырғаны үшін жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды. Алайда ол соған қарамастан қайтадан көлік басқарған.

Аталған дерек бойынша жүргізушіге қатысты заңды шара қабылданды.

Патрульдік полиция полкі азаматтарға жол қауіпсіздігіне немқұрайлы қарамауды, көлікті мас күйінде басқарудың заң алдында да, өмір алдында да ауыр салдары болатынын қатаң ескертеді.

Жергілікті полицейлердің жұмысына қатысты қоса кетер тағы бір маңызды жайт, қыз балаларды саналы таңдау жасауға, өмірлік маңызды шешімдер қабылдауда жауапкершілікті арттыруға, өзін-өзі тануға және болашақты дұрыс бағытта жоспарлауға баулу мақсатында Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде кездесу өтті.

Кездесуге Шымкент қаласы Полиция департаменті Тұран аудандық полиция басқармасы ОТЗЗҚКБ аға инспекторы, полиция аға лейтенанты Айғаным Мұхтарқызы Абай және “Perfect clinic” дәрігер акушер-гинекологы Феруза Тұрмаханбетқызы Исрайл арнайы қатысып, студент қыздармен өз тәжірибелерімен бөлісті.

Сонымен қатар, кездесулер барысында ерте жүктіліктің салдары мен оның жастардың болашағына тигізетін әсері де қозғалды. Ерте жүктілік көп жағдайда білім алуға, жеке даму мен мансаптық өсімге кедергі келтіретінін, сондай-ақ психологиялық және әлеуметтік қиындықтарға алып келетінін мамандар ерекше атап өтті. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін жастардың ақпараттылығы мен жауапкершілігін арттыру маңызды екені айтылды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You