Шымкент: Еңбекші ауданында «Бүкіләлемдік тазалық күні» аясында жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылды

2025 жылдың 4 қазанында «Бүкіләлемдік тазалық күні» (World Cleanup Day) аясында Еңбекші ауданы бойынша жалпықалалық сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды. Сенбілікке Еңбекші ауданы әкім аппаратының 560 қызметкері мен 30 техникасы қатысып, 18 тонна қоқыс шығарылды. Аудан тұрғындарынан 3800 адам белсенділік танытты.

Сонымен қатар, «Оңтүстік» ИА-ның 2000 қызметкері мен 4 техникасы, Жайлы ортаны дамыту басқармасының 26 қызметкері мен 1 техникасы, Құрылыс басқармасының 30 қызметкері мен 1 техникасы, Шымкент ӘКК АҚ басқармасының 20 қызметкері мен 1 техникасы, Ішкі саясат басқармасының 30 қызметкері мен 1 техникасы, «ТелҚоңыр» ЖШС-нің 20 қызметкері мен 3 техникасы, «Водоканал — 1» ЖШС-нің 30 қызметкері мен 2 техникасы, «QazaqGaz Aimaq» ШӨФ-ның 60 қызметкері мен 1 техникасы, «Қуатжылуорталық-3» МКК-ның 30 қызметкері мен 1 техникасы, Еңбекші электр тарату бөлімінің 30 қызметкері мен 2 техникасы, Еңбекші аудандық полиция бөлімінен 200 қызметкер мен 3 техника жұмылдырылды.

Сонымен қатар, әлеуметтік нысандардан 3815 қызметкер мен 11 техника қатысып, 8 тонна қоқыс шығарылды. Жалпы алғанда, Еңбекші ауданы аумағында 10 651 қызметкер мен 61 техника қатысып, 45,9 тонна қоқыс шығарылды.

Атқарылған жұмыстарға қураған ағаштар мен бұтақтарды кесу, шөп ору, дәнекерлеу және сырлау, жалпы тазалық жұмыстары және басқа да іс-шаралар кіреді.

Жоғарыда атап өткендей, Шымкент қаласының Ішкі саясат басқармасының қызметкерлері “Таза Қазақстан” республикалық экологиялық акциясы аясында өткен жалпықалалық сенбілікке белсене қатысты. Іс-шара барысында басқарма ұжымы Еңбекші ауданы аумағындағы Қазанқап ақын көшесінде ирригациялық жүйелерді, тұрғын үй аулаларын және жол жиегін тұрмыстық қалдықтардан тазартып, санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізді.

Бекітілген аумақтағы қоқыс жиналып, жасыл желектердің айналасы абаттандырылды. Аталған шара қаланың санитарлық жағдайын жақсартуға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін насихаттауға бағытталған.

Бұдан бөлек Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұжымы да “Таза Қазақстан” республикалық экологиялық акциясының аясында жалпықалалық сенбілікке шықты. Акция барысында мекеме қызметкерлері Төлеген Айбергенов көшесінің бойындағы ирригациялық арықтар мен тұрғын үй аулаларын, жолдарды қоқыстан тазартты.

Мекеме мамандары бекітілген аумақты қоқыстан тазалап, жасыл желектердің айналасын ретке келтіріп, қаланың көркін арттыруға бағытталған жұмыстарды атқарды. Бұл іс-шара қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыру мен тұрғындар арасында экологиялық жауапкершілікті арттыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады.

«Мұндай экологиялық акциялар алдағы уақытта тұрақты түрде жалғасын табатын болады. Барлық қатысушыларға ауданды тазалыққа және көріктендіруге қосқан үлестері үшін алғысымыз шексіз», — дейді аталған шараны ұйымдастырушылар.

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You