
Шымкент қаласында Патрульдік полиция полкі тарапынан «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында кешкі рейдтік тексерулер жүргізілді.
Іс-шара барысында бірқатар жол қозғалысы ережелерін бұзу деректері анықталды. Атап айтқанда, жүргізушілердің көлікті жүргізуші куәлігінсіз басқаруы, маневр жасау кезінде қозғалысты толық аяқтамауы және өзге де құқық бұзушылықтар тіркелді. Барлық анықталған деректер бойынша заңға сәйкес шаралар қабылданды.
Еске салайық, Шымкент қаласында 15-30 қыркүйек аралығында өтіп жатқан «Қауіпсіз жол» жедел профилактикалық іс-шарасы аясында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында патрульдік полиция қызметкерлері күнделікті рейдтік іс-шаралар жүргізуде. Жедел профилактикалық іс-шара барысында автокөлікті жеңіл масаң күйде басқарған жүргізуші анықталды. Тексеру кезінде оның алкогольдік ішімдік ішкеннен кейін рөлге отырғаны белгілі болды. Бұл – жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу ғана емес, ең алдымен өз өміріне де, басқа жол пайдаланушыларының қауіпсіздігіне де үлкен қатер төндіретін әрекет.
Аталған жүргізушіге қатысты заң талаптарына сәйкес әкімшілік шаралар қабылданды. Сонымен қатар, осындай құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында патрульдік полиция қызметкерлері жүргізушілерге жол ережелерін қатаң сақтауды, жылдамдықты асырмауды және мас күйде көлік басқарудың ауыр зардаптарға әкелетінін ескертуде.
Полиция департаменті қала тұрғындары мен қонақтарын жолда мұқият болуға, заң талаптарын орындауға және жол қауіпсіздігіне бейжай қарамауға шақырады.
Тағы бір атап өтерлігі, Шымкент қаласы Полиция департаменті цифрландыру арқылы қауіпсіздік қызметі сапасын жаңа деңгейге көтеріп келеді. Интеллектуалды платформалар қылмысты ашуда шешуші рөл атқарады. Жол апаттары мен құқық бұзушылықтар бірнеше минут ішінде анықталады. Дрондар қаланың кез келген бөлігін бақылауға мүмкіндік береді. Бұл – жедел әрекет пен қауіпсіздіктің жаңа құралы.
Бейнеаналитика жүйесі күдіктіні таниды. Деректер жедел орталықтан бірден патрульге жеткізіліп, күдікті ұсталады. Әр қызметкердің бейнежетоны онлайн режимде жазба жүргізеді. Бұл – ашықтық пен сенімділіктің кепілі. SOS батырмалары қауіпті жағдайда қалған азаматтарға көмек көрсетеді. SOS батырмасы басылған сәтте полиция бірден әрекет етеді. Сондай-ақ, пробациядағы азаматтар электрондық білезік арқылы тәулік бойы бақылауда. Бұл қылмыстың алдын алуға мүмкіндік береді. 102 мобильді қосымшасы арқылы тұрғындар фото, бейне және құқық бұзушылықтар туралы хабарламаларын бірден полицияға жолдай алады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
