
Шымкент қаласында Наурыз мерекесіне орай ұлттық спорт түрлерінен ауқымды жарыстар сериясы ұйымдастырылып, қала тұрғындары мен қонақтарына ұлттық құндылықтарды насихаттайтын ерекше спорттық бағдарлама ұсынылады. Атап айтқанда, 18 наурыз күні әуесқойлар арасында асық атудан Шымкент қаласының біріншілігі өткізіліп, қатысушылар мергендік пен ептіліктерін сынға салады. 19 наурыз күні ересектер арасында ұлттық ат спортының бірі – аударыспақтан қала біріншілігі ұйымдастырылып, шабандоздар өзара күш сынасады. Ал 20 наурыз – Ұлттық спорт күні аясында қазақ күресі, теңге ілу, асық ату, аударыспақ, бес асық және ләңгі тебу сынды дәстүрлі ойындар бойынша жарыстар өткізіліп, ұлттық спорттың сан қырлы түрлері кеңінен қамтылады. Аталған іс-шаралар Жаңа атшабар аумағында өтіп, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлап, ұлттық спортты дәріптеуге және салауатты өмір салтын насихаттауға мүмкіндік береді.
Фестивальге орай қозғалыс уақытша шектеледі
Шымкент тұрғындары мен қала қонақтарына 20 наурыз күні қаладағы «Әл-Фараби» алаңында өтетін «ДәмДәсTour» гастрономиялық фестиваліне байланысты Б.Момышұлы көшесінен Айбергенов көшесіне дейінгі аралықта көлік қозғалысы уақытша шектелетіні туралы хабарланады. Аталған аумақта қозғалыс 20 наурыз күні сағат 16:00-ден 21 наурыз түнгі 00:00-ге дейін тоқтатылады. Осыған байланысты тұрғындар мен жүргізушілерге көлік бағыттарын алдын ала жоспарлау ұсынылады.
«ANYQ.KZ»—ақпарат.
